2025 жылғы 17 қыркүйекте қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелердің қызметіне жәрдемдесуге бағытталған консультативтік-кеңесші органның кезекті отырысы өтті.
Жиын барысында негізгі мәселе ретінде пробация қызметінде және жергілікті полицияда есепте тұрған адамдарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру қаралды. Бұл ретте еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, арнайы бағдарламаларды жетілдіру және жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнату қажеттігі айтылды.
Мансап орталығының директоры Ж.А.Бексатов өз баяндамасында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері кеңейген жағдайда пробация есебіндегі азаматтардың қоғамға бейімделуі әлдеқайда тиімді болмақ.
Сонымен қатар, 2025 жылы «Антарес А» қоғамдық қоры Абай облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тапсырысы бойынша арнайы әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда. «Бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету» жобасы аясында бірқатар нақты жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда, 24 адамға әлеуметтік-психологиялық қызметтер көрсетіліп, диагностика жүргізілді, кеңес беріліп, жеке әңгімелесулер ұйымдастырылды. Диагностика қорытындылары Бородулиха ауданының пробация қызметіне жолданып, әрбір азаматтың жеке жағдайына қарай шаралар қабылдауға негіз болды. Сонымен бірге олардың мұқтаждықтары мен қажеттіліктерін анықтау үшін сауалнама жүргізілді.
Қоғамда оң көзқарас қалыптастыру мақсатында әлеуметтік желілерде 15 ақпараттық жазба жарияланып, пробация есебіндегі азаматтарға арналған ақпараттық кітапша әзірленді. Мұның бәрі олардың жаңа өмірге сеніммен қадам басуына ықпал етуді көздейді.
Жиын барысында сөз алған «Антарес А» қоғамдық қорының Абай облысы бойынша жобасының үйлестірушісі А.Р. Сапарханова да қор тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдау шаралары, психологиялық көмек пен қайта әлеуметтендіру бағытындағы жұмыстар туралы кеңінен баяндады.
Жиын соңында қатысушылар қылмыстық-атқару жүйесінде әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру, азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Бородулиха ауданы Мансап орталығы