Облыс орталығында «Қоғамдық кеңес – азаматтық диалог алаңы» тақырыбында семинар өтті. Басқосуға Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Елдар Сапаров, Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев қатысты.
Жиынға сонымен қатар облысымыздағы барлық аудандар мен қалалардың ішкі саясат бөлімінің басшылары мен мамандары, азаматтық қоғамның, үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ қала мен облыстың қоғамдық кеңестерінің өкілдері де жиналған болатын. Семинар барысында барша қатысушылар азаматтық қоғам саласын одан әрі дамытуға қатысты пікір алмасып, облысымыздағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылады.
Бұл орайда әуелгі кезекте сөз алған Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев диалог алаңын өткізудің маңыздылығын баса атап өтті.
-Осынау ұйымдастырылып отырған семинар бірлескен сындарлы диалогтың арқасында өзекті мәселелерді шешуге мол мүмкіндік береді деп сенемін. Біздің азаматтар әрқашан да белсенді түрде азаматтық ұстанымдарын көрсетіп келеді. Бүгінгі алаңда сіздердің идеяларыңыз бен бастамаларыңыз жайлы тыңдап, пікір алмасып, алдағы уақытарда да дәл осылай бірлесіп жұмыс істеу үшін жаңадан бағыттар әзірлейміз деген ойдамын, — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ж.Бірлікұлы.
Ал, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Елдар Сапаров өз баяндамасында қоғамдық кеңестер жаңа функцияларға ие болып, олардың өкілеттіктері кеңейтіліп жатқанына баса тоқталды.
-Еліміздегі қоғамдық кеңестердің басты міндеті — халықтың пікірін тыңдап, түйткілді мәселелерді шешудің мүмкін нұсқаларын ұсыну болып табылады. Өздеріңіз білетіндей, елімізде қоғамдық бақылау туралы арнайы заң қабылданған. Бұл дегініміз — қоғамдық кеңестерге жүктелген тағы бір мүмкіндік. Бұл орайда Абай облысында қоғам өкілдерімен жұмыс жақсы деңгейде қойылғанын атап өткім келеді, — деп атап өтті Елдар Сапаров.
Сонымен қатар, диалог алаңында сөз алған Абай облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев аймағымыздағы қоғамдық кеңестердің мүшелері азаматтық қоғамды қалыптастыру және нығайту жолында аса маңызды функцияны атқаратындығына ерекше назар аударып, кеңінен тоқталып өтті.
-Қоғамдық кеңестің әрбір мүшесі абыроймен арқалап жүрген әлеуметтік жүктен бөлек, гендерлік теңдік, этносаралық және конфессияаралық келісім, өскелең ұрпақ тәрбиесі сынды баса назар аудару керек бірқатар маңызды салалар бар. Мұның барлығы азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасында жатыр. Біздің алдымызда бірқатар ауқымды міндеттер тұр, — деп түйіндеді сөзін Айдар Серікқазыұлы.
Диалог алаңы барысында Бородулиха ауданының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Виктория Мокроусова баяндама жасап, Бородулиха ауданының Қоғамдық кеңесінің 2024 жылғы жұмысының қорытындысын ұсынды. Нәтижелі идеялар мен креативті жобаларды ортаға салып, түрлі іс-шараларда белсенділігімен танылған көптеген қоғамдық кеңес өкілдері, олардың қатарында Виктория Мокроусова мен Екатерина Ситдыкова облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаевтың алғыс хатымен марапатталды.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»