Биыл 22 тамызда аудандық Мәдениет үйінде «AMANAT» партиясы Бородулиха аудандық филиалының Кезектен тыс ХХХ конференция өтті.
Конференцияға аудандық мәслихаттың төрайымы, «AMANAT» партиясы Бородулиха аудандық филиалының төрайымы Сәуле Тұрсынқызы Урашева, Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары Мағжан Еренғайыпұлы Табылдин, ауылдық және кенттік округтердің әкімдері, аудандық мәслихаттың дербес бөлім басшылары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, бастауыш партия ұйымның төрағалары мен партия топтарының жетекшілері, ауылдық және кенттік округтерден келген делегаттар, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты.
Партияның аудандық филиалының төрайымы Сәуле Урашева филиалдың Саяси кеңесінің 2021-2022 жылдарға арналған жұмысы туралы баяндап, алдағы кезеңге арналған жұмыс міндеттерін айқындады.
Сондай-ақ, өз баяндамасында Сәуле Тұрсынқызы филиалдың Қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысы, партиялық жобалардың жүзеге асырылуы, депутаттық фракцияның жұмысы, 2023-2027 жылдарға арналған Сайлау бағдарламасындағы Жол картасының орындалу барысы және партия филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының және қоғамдық кеңестердің жұмысы туралы хабардар етті.
«Біз – қоғамның заманауи және өзекті мәселелеріне құрметпен қарап, оларға құлақ асатын партиямыз. Заман талабына сай, жаңа бастамаларды қолдау арқылы күшейе береміз. Сондықтан, өткен сайлауда халыққа берген уәделеріміздің орындалуын қадағалау – біз үшін өте маңызды әрі партияның бұлжымас парызы. «AMANAT» партиясының басты мақсаты – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, әділетті қоғам құруға күш салып, азаматтардың құқығын қорғау және өмір сапасының ұлттық стандартын қалыптастыру», – деді Сәуле Тұрсынқызы.
Баяндама қорытындысы бойынша партия ардагері Р.А. Атаева және Бородулиха аудандық мәслихатының депутаты В. Мокроусоваларға сөз берілді. Олар партияның Бородулиха аудандық филиалы мен Саяси кеңестің жұмысын қанағаттанарлық деп тануды ұсынды.
Күн тәртібіндегі екінші және үшінші мәселелер бойынша делегаттардың назарына филиалдың Саяси кеңесінің жобасы және «AMANAT» партиясының Абай облысы бойынша филиалының кезектен тыс VIII конференциясына қатысатын делегаттардың тізімі ұсынылды. Бірауыздан қабылданған шешіммен Саяси кеңес жобасы мен делегаттардың тізімі бекітілді.
Жиын барысында делегаттар алдында Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары Мағжан Табылдин сөз сөйледі. Ол партия филиалына оның басқа да бағдарламалық құжаттары қажет екенін атап өтті.
Азамат Смагулов