Биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Жұмысшы мамандықтары жылында орай елімізде 7 бағыт бойынша 70 іс-шара өткізілмек. Әсіресе, кәсіптік-техникалық білім беретін колледждерге баса мән беріледі. Осы ретте Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраев маман даярлауда маңызды рөл атқаратын Бородулиха колледжінде болды.
-2025 жыл жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғаны, бұл әсіресе орман шаруашылығы, дәнекерлеу, аспаз және механизатор сияқты сұранысқа ие мамандықтар даярлайтын біздің колледжге үлкен жауапкершілік жүктейтінін білеміз. Жұмысшы мамандықтары — экономикалық дамудың негізі болып табылады және біздің ауданымызда білікті кадрларды дайындайтын осындай оқу орнының болғаны көңілге қуаныш ұялатады,- деді Айдар Маратұлы.
Сапар барысында аудан әкімі жуырда жаңа жиһаздармен жабдықталған студенттер жатақханасымен, жөндеу жүргізілген оқу ғимаратымен және білім беруге арналған техникалық құрал-жабдықтармен танысты. Сондай-ақ, қазандықтың жұмысын тексерді.
Айта кетсек, Бородулиха колледжінде бүгінде электргазымен дәнекерлеуші, кондитер-безендіруші, аспаз, ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі, орманшы, жөндеуші-слесарь мамандықтары бойынша 177 студент білім алып жатыр. Студенттерге сапалы білім беру мақсатында колледжде екі шеберхана, оқу зертханасы, бірнеше ауыл шаруашылығы техникасы, оқу кабинеттері бар. Дуалды оқыту жүйесі де енгізілген. Осы мақсатта «Лазарев», «Е.Зайтенов» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және өзге де шаруа қожалықтарымен, кәсіпкерлік нысандармен келісім жасалған. Білім алушылардың теорияны тәжірибемен сабақтастыруына мүмкіндік мол. Нәтижесінде жыл сайын түлектердің 70 пайыздан астамы бірден жұмысқа орналасып, еңбекке араласуда.
Ай-Көркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»