Бородулиха ауданында «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғындармен түсіндіру кездесуі өткізілді. Кездесуді аудан әкімінің міндетін атқарушы Талғат Муратовтың бастамасымен «Семей ӘКК» АҚ өкілдері Елдос Байгаринов және Бақытгүл Хасенова өткізді.
Кездесу барысында бағдарламаның мақсаты мен оның ауыл тұрғындарына тигізер пайдасы туралы егжей-тегжейлі мәлімет берілді. Қатысушыларға бағдарламаға қатысу шарттары, микрокредит алу мүмкіндіктері, қаржыландырудың басым бағыттары, сондай-ақ өтінім беру және қажетті құжаттарды рәсімдеу тәртібі түсіндірілді.
Бағдарламаға жеке тұлғалар мен кооперативтер қатыса алады. Қатысу үшін талаптар мен қажетті құжаттар тізімі арнайы талқыланды. Олардың ішінде жеке басын растау, шоттардың болуы, кредиттік тарих туралы мәліметтер және кепілдік қамтамасыз етуге қатысты құжаттар бар. Микрокредиттер ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталады, әсіресе аграрлық саладағы жобалар мен кооперативтердің дамуына ықпал ететін қаржыландыруға ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында аудан тұрғындары өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойып, өз жобаларын талқылауға мүмкіндік алды. Олар ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктер туралы сұрады. Сондай-ақ, қаржыландыру тәртібі мен оның шарттары бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша қызығушылық танытқан қатысушылар анықталып, олармен әрі қарай жұмыс жасау үшін байланыс деректерімен алмасу жүргізілді. Бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендердің жобаларын қолдау және олардың қажетті құжаттарын дұрыс рәсімдеу мақсатында түсіндіру жұмыстары жалғасатын болады.
Осылайша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашып, дамытуға мүмкіндік алып, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға өз үлестерін қоса алады.
Шайза ДОСКЕЕВА,
«Жаңа уақыт»

