Бородулиха аудандық әкімдігінде аудан кәсіпкерлері мен мүдделі тұлғаларға арналған семинар өтті. Іс-шараға Абай облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Абай облысы филиалының өкілдері қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – аудан кәсіпкерлерін мемлекеттік қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпараттандыру және бизнес саласында мүмкіндіктерін кеңейту. Аталған іс-шарада қатысушыларға кәсіпкерлерді субсидиялау, кепілдендіру, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар беру тетіктері түсіндірілді.
Қатысушыларға мемлекеттік бағдарламалар бойынша өтінім беру тәртібі, талаптар мен рәсімдер, сондай-ақ әлеуметтік және экспорттық бағыттағы жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берілді. Семинар барысында кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, тәжірибелік кеңестерге ие болды.
Аудан кәсіпкерлері осындай ақпараттық кездесулердің өз бизнестерін дамытуға, жаңа жобаларды іске асыруға және экономикалық белсенділікті арттыруға үлкен көмек екенін атап өтті. Мамандар атап өткендей, мемлекеттік қолдау арқылы кәсіпкерлер өндірісті жаңартып, жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканы әртараптандыруға үлес қосуға мүмкіндік алады.
Семинар соңында қатысушыларға ақпараттық буклеттер мен байланыс деректері беріліп, қажетті жағдайда қосымша консультациялар алу жолдары түсіндірілді.
Бородулиха ауданының кәсіпкерлік қауымдастығы үшін бұл іс-шара – мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, экономикалық дамуға үлес қосу мүмкіндігі.
Өз тілшіміз

