Абай облысында Төтенше жағдайлар министрі ұсынған ауылдық жерлерде өрт сөндіру посттарын құру бастамасы сәтті жүзеге аса бастады. Бұл маңызды және уақытылы бастамаға өңір кәсіпкерлері үлкен қолдау көрсетіп, нақты іс-шараларға кірісіп кетті.
Атап айтқанда, Белағаш ауылдық округіне қарасты Зенковка ауылында жергілікті кәсіпкер Константин Адамович Поп ғимаратты қалпына келтіріп, заманауи өрт сөндіру постын салуды өз мойнына алды. Онда кезекші бөлмесі, өртке қарсы құрал-жабдықтар қоймасы, демалыс бөлмесі, шағын ас үй мен жуынатын бөлме қарастырылады. Бұл жеке құрамның тиімді жұмыс істеуіне және кез келген уақытта оқиға орнына тез жетуіне толық мүмкіндік береді.
Дмитриевка ауылдық округінде бастаманы Гилани Умарович Сайдуллаев, ал Петропавловка ауылдық округінде Иван Александрович Лехнер қолдады. Екі кәсіпкер де өз округтерінде өрт сөндіру посттарын құру мен жабдықтауға атсалысуға дайын екендіктерін білдірді.
Ең маңыздысы – Абай облысы Төтенше жағдай департаменті бұл құрылған посттарды заманауи өрт сөндіру техникасымен қамтамасыз ететін болады, бұл ауылдық жерлерде төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін едәуір арттырады.
— «Ауылдық жерлерде өрт шыққанда әрбір минут шешуші рөл атқарады. Сондықтан министрліктің бастамасын қолдап, өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін үлес қосу біздің азаматтық борышымыз», – деді Константин Адамович.
Жүзеге асырылып жатқан бұл бастама 9 елді мекенді, шамамен 5000 ауыл тұрғынын өрт қауіпінен қорғауға мүмкіндік береді. Бұл тек қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарының мемлекетке және қоғам белсенділеріне деген сенімін де нығайтады.
Бастама жергілікті халық, ауыл әкімдіктері мен ТЖ қызметі тарапынан кең қолдау тауып, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі мен азаматтық ұстанымына алғыс білдірілді.
Бородулиха ауданы әкімінің
баспасөз қызметі