Облыс орталығында ұлттық валюта – теңгенің туған күні мен қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Бұл күні аймақтың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп жүрген мамандар бас қосып, жылы лебіздер мен марапаттарға ие болды. Көпшіліктің назарынан тыс қалатын, бірақ өңірдің дамуына тікелей әсер ететін жауапты жұмыс иелеріне құрмет көрсетілді.
Жиын барысында Абай облысының әкімі Берік Уәли саланың үздік қызметкерлеріне алғыс айтты. Ол өз сөзінде қаржы жүйесінің мемлекет тірегі екенін, қаржыгерлердің тиянақтылығы мен әділдігі арқасында өңірде бюджеттік тәртіп нығайып, маңызды бағдарламалар нәтижелі жүзеге асып жатқанын атап өтті.
— «Қаржы жүйесі – мемлекеттің басты тіректерінің бірі. Сіздердің кәсібиліктеріңіз
бен әділдіктеріңіздің арқасында өңірде қаржылық тәртіп нығайып, бюджеттік бағдарламалар тиімді жүзеге асырылып келеді. Бүгінде ел экономикасында атқарылып жатқан барлық жұмыс халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Осы жолда өз үлесін аянбай қосып жүрген барлық мамандарға алғыс білдіремін», — деді аймақ басшысы.
Салтанатты шарада марапат иелерінің қатарында Бородулиха ауданының қаржы бөлімі жетекшісі Юлия Валерьевна Сутормина да болды. Ол ауданның қаржы жүйесін жылдар бойы тұрақты, ашық және тиімді жүргізгені үшін арнайы алғысқа ие болды. Юлия Валерьевнаның кәсібилігі мен жауапкершілігі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай ықпал етіп келеді.
Бұл марапат – тек жеке маманның еңбегіне берілген баға ғана емес, Бородулиха ауданы үшін де үлкен абырой. Өйткені қаржы жүйесінің тыныш әрі жоспарлы жұмысы – мектептердің жөнделуінен бастап, жолдардың қалыпқа келуі, мәдениет үйлерінің жаңғыруына дейінгі әрбір игі істің артында тұрған негізгі күш.
Ауданның дамуына үнсіз үлес қосып жүрген осындай мамандардың еңбегі қашан да құрметке лайық.
Еңбектеріңіз елене берсін, атқарған істеріңіз өңір игілігіне қызмет ете берсін!
Өз тілшіміз
