«Қарты бар елдің қазынасы бар» демекші, үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Қарияларымыздың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестерінің, тәлім-тағылымдарының біз үшін орны бөлек. Бородулиха ауданында 5 643 зейнеткер тұрады. Аға ұрпаққа құрмет көрсетіп, ұрпақ сабақтастығын сақтау қашан да маңызды.
Қарттар күніне орай саналы ғұмырын ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған ардагерлерге аудан әкімдігі тарапынан дастарқан жайылды. Мерейлі басқосуда аға ұрпақ өкілдері жастық шақтарын еске алып, тағылымы мол әңгіме өрбітті. Аудан әкімі Айдар Ибраев құттықтау тілегін айтып, қариялардың аман-сау жүруін тіледі.
Сонымен бірге, мереке қарсаңында аудан әкімі А.Ибраев, Бородулиха ауылдық округінің әкімі М.Байзақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Рахимов және Бородулиха ауданы мәслихатының депутаты В.Мокроусова құрметті еңбек ардагерлері Жұмағайша Арғымбаева мен Иван Лаукартты құттықтады.
Жұмағайша Алпысбекқызы – саналы ғұмырын ауданның дамуына арнаған ардақты ардагер. Еңбек жолын 1969 жылы Семей облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы болып бастаған. 1988 жылы Бородулиха аудандық Бородулиха кітапқұмарлар қоғамы ұйымының жауапты хатшысы болды. 1990 жылдың тамызынан 2005 жылға дейін Бородулиха ауданы мемлекеттік мұрағатының мұрағатшысы, кейін директоры болып жұмыс істеді.
Иван Иванович – құрылыс саласының құрметті ардагері. 1980 жылы Өскемен жол құрылысы институтын бітірген ол 1995 жылдан Бородулиха ауданының бас сәулетшісі болды, кейінгі жылдары құрылыс саласында түрлі қызметтер атқарды. Зейнеткерлікке шыққанша Бородулиха ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне басшылық етті.
Аға ұрпақтың өнегелі өмірі мен еңбексүйгіштігі, даналығы, тәжірибесі мен тағылымы кейінгі жастарға үлгі.
Ай-Көркем Мақыш,
«Жаңа уақыт»