Бородулиха аудандық мәдениет үйінде Қарттар күніне орай «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл мерекенің басты мақсаты – елдің сәні мен салтының, бірлігінің ұйытқысы болып отырған қазыналы қарттарға құрмет көрсету.
Іс-шараның шымылдығы ата-әже мен немеренің қатысуымен қойылған сахналық көрініспен ашылды. Онда үлкенді сыйлау, қарттарға құрметпен қарау тақырыбы арқау болды. Жас ұрпаққа ой саларлық көріністен кейін көрермендерге қарияның батасы беріліп, мерекелік ән жолданды.
Мерекелік жиынға аудан әкімі Айдар Ибраев қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, ұзақ жылдар бойы еңбегімен елге қызмет еткен ардагерлерді марапаттады. Әкімнің алғыс хатымен көпбалалы аналар, ұстаздар, дәрігерлер, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мен мәдениет саласының ардагерлері, сондай-ақ этномәдени бірлестіктер марапатталды.
Салтанатты кеш аудан өнерпаздарының концертіне ұласты. «Айналайын» би тобының әсем қимылдары, қазақ, орыс, татар, украин және неміс этномәдени орталықтары орындаған халық әндері көрермендердің көңілін көтерді. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары орындаған патриоттық әндер кештің шырайын ашты.
Мерекелік іс-шара соңында жүргізушілер қарттарға зор денсаулық, бақыт пен ұзақ ғұмыр тіледі. Бұл мереке жастардың үлкенге деген құрметін айқындап, ұрпақтар сабақтастығының үзілмей келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.
А.НЕСІПБАЕВА