Бородулиха ауданында қазыналы қарияларға құрмет көрсету – берік дәстүрге айналған. Қарттар күні қарсаңында аудан әкімі Айдар Маратұлы Ибраев бірқатар ардагерлердің шаңырағына барып, құрмет көрсетті.
Алдымен Бородулиха ауылында тұратын ардагер Тілеубай Байжұмановқа арнайы сәлем берді. Ақсақал еңбек жолын қарапайым инженерден бастап, аудан көлемінде түрлі басшылық қызметтер атқарған. Кейінгі жылдары «Семей орманында» механик болып еңбек еткен. Қырық жылдан астам еңбек өтілі бар ардагердің өмір жолы – туған жерге адал қызметтің жарқын үлгісі.
Сапар Жезкент кентінде жалғасын тапты. Мұнда әкім Елена Николаевна Грудцына мен Күлбайра Ниязбекқызы Түсіпованың шаңырағында болды. Елена Николаевна 1976 жылдан бері ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Ал Күлбайра Ниязбекқызы қырық жылдан астам уақыт орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, бірнеше ұрпақты тәрбиелеген ұлағатты ұстаз.
Новодворовка ауылдық округінде әкім еңбек ардагері Тамара Фёдоровна Русскихпен кездесті. Соғыстан кейінгі ауыр жылдары туған жердің шаруашылығын өркендетуге үлес қосқан ардагер «Ударник пятилетки», «Победитель соцсоревнования» сияқты марапаттарға ие болған.
Сонымен қатар аудан әкімі Камышенка ауылында тұратын Нағима Нұрлыбекова апаның шаңырағына арнайы барып, құттықтады. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік сақтандыру саласында еңбек етіп, жеті перзент тәрбиелеген ардақты ана бүгінде ауылдастарына еңбегімен де, өнегесімен де үлгі болып отыр.
Бұл сапар ардагерлерге деген құрметтің жарқын үлгісі болды. Алдағы уақытта да ауданымызда қарияларға құрмет көрсету дәстүрі жалғасын тауып, басты назарда қала береді.
Ш.ДОСКЕЕВА,
«Жаңа уақыт»