1 наурызда өңірлік жастар карлық резервіне іріктеу басталады. Өткен аптада Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраев пен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша Департаменті басшысы Нұрлан Дәулетқалиев аудан жастарымен жүздесіп, кадрлық резервке іріктеу кезеңдері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Нұрлан Хайруллаұлы кездесу барысында өңірлік Жастар кадрлық резервіне іріктеу 1-31 наурыз аралығында өтетіндігін және бұл іріктеу білімді, білікті жастардың мемлекеттік басқару жүйесінде, квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарға орналасуына мүмкіндік беретінін айтты. Яғни, іріктеуден өткен үміткерлер конкурстық іс-шаралар өткізбей-ақ әкімшілік және саяси лауазымдарға тағайындала алады. Резервте болу — талапты жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Бірақ оны билікке жетудің емес, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, халыққа қызмет қылудың төте жолы деп түсіну керек.
Облыста өңірлік резервке 7 бағыт бойынша қабылданады. Агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, экономика және қаржы, цифрландыру, әлеуметтік салалар сынды 7 бағытты дамытуға өз үлесін қосатын жастар таңдалып алынбақ.
— Іріктеуге жоғары білімі және кемінде үш жыл еңбек өтілі бар 35 жастан аспаған қазақстандықтар қатыса алады. Іріктеу кандидаттардың құжаттарын қабылдау, заңнаманы білуге тестілеу және жеке қасиеттерін бағалау, уәкілетті орган жүргізетін құзыреттерді бағалау, комиссиядағы құрылымдық сұхбат сынды төрт кезеңнен тұрады.
Сондай-ақ, Нұрлан Дәулетқалиев мемлекеттік қызметте жұмыс істегісі келетін жастарға патриотизм, әдептілік және кәсібилік тұрғысынан қойылатын талаптар жайлы да айтты. Кездесуден кейін Абай облысының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Департамент басшысы азаматтарды жеке қабылдап, Бородулиха ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарымен жүздесіп, ауданның Мансап орталығы филиалының қызметімен танысты.
Соңында Новопокровка ауылдық округінің жастарымен жүздесіп, жастарды ел дамуының игілігі үшін ынтымақтастықта еңбек етуге шақырды.
Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»