Күзгі күнтізбеде жүректі терең ризашылық сезімімен толтырып, алғыс сөздерін айтқың келетін, аға буын өкілдеріне ерекше ықыласпен, ілтипатпен қарайтын ерекше күн бар. Ол – 1 қазан, Халықаралық қарттар күні. Бұл мерекенің дәл осы әдемі күз мезгілінде аталып өтуі де кездейсоқ емес. Сұлулығы мен жомарттығына бай күздің өзі бізді даналыққа, әділдікке, жауапкершілікке ие жандарға құрмет көрсетуге жетелейді. Жетілген шақты көбінесе «өмірдің күзі» деп атайтынымыз да бекер емес. Өмірдің күзі де, жылдың күзі де алғысқа толы болуы керек.
2 қазан күні Қызылжар ауылдық округінде Қарттар күніне арналған мерекелік шара өтті. Салтанатты кешке еңбек ардагерлері мен зейнеткерлер шақырылды. Әсем киініп, көтеріңкі көңіл-күймен келген қонақтар ауыл клубында бас қосты.
Іс-шараны клуб меңгерушісі А.О. Мусина ашып, барлық жиналғандарды мерекемен құттықтап, денсаулық, бақыт, шаттық тіледі. Одан кейін ауыл әкімі міндетін атқарушы Г.О. Базилова сөз сөйлеп, жылы лебізін білдіріп, қонақтарға жақсы көңіл-күй мен сәтті уақыт өткізуге тілектестік білдірді.
Мейірім мен құрмет күні Қызылжар орта мектебінің оқушыларының құттықтау сөздерімен басталды. Балалардың оқыған өлеңдері, әзіл-сықақ қойылымдары, билері мен жылы лебіздері көпшіліктің көңілінен шығып, жүректерін қуанышқа бөледі. Қонақтарға құттықтау сөзін мектеп директоры С.А.Леонтьев арнап, барша қарттарды Халықаралық қарттар күнімен құттықтап, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, молшылық тіледі.
Концерттік бағдарламаны Г.В.Сластенова әсем әнімен ашып берді. Сондай-ақ, мерекеге орай Н.Н.Скоробогатова, Л.А.Аркушова, Л.Ю.Фисенко, В.М.Дронова сынды өнерпаздар әуелеткен әндер көрермен көңілінен шықты. Әрине, ардагерлер кеңесінің төрайымы да сөз сөйлеп, барша жиналғандарды мерекемен құттықтап, жақсы көңіл-күй мен демалыс тіледі. Шара барысында көтеріңкі көңіл-күй, шаттық пен қуанышқа толы сәттер көп болды. Қонақтар көңілді күймен тарқасты.
«Барлық айтылған құттықтаулар күн нұры сияқты жүректеріңізді жылытсын. Қадірлі қарттарымыз, мерекелеріңіз құтты болсын!» деген тілектер айтылды.
Мерекелік іс-шараға демеушілік көрсеткен Нұрлан Можитович Жақсалыковқа зор алғысымызды білдіреміз. Оған мықты денсаулық, қиын да жауапты еңбегінде табыс тілейміз. Сонымен қатар мерекелік кешті ұйымдастыруға атсалысқан барлық жандарға ризашылық білдіреміз.
К. ВАХИТОВА,
Қызылжар ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрайымы