Н.Островский атындағы орта мектепте 9–11 сынып оқушыларының қатысуымен өскелең ұрпақтың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында діни экстремизмнің алдын алу, ғаламтордағы қауіп-қатерлерді тану, жеке деректерді қорғау және ақпараттық манипуляциялардың ықпалы туралы маңызды мәселелер сөз болды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің санасында қауіпсіз мінез-құлық негіздерін қалыптастыру, олардың сыни ойлау қабілетін арттыру және онлайн кеңістікте өзін қорғау дағдыларын нығайту.
Жиынға мектеп педагогтары, қоғамдық ұйым өкілдері және ақпараттық қауіпсіздік саласының мамандары қатысып, оқушыларға нақты жағдайлар негізінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар радикалды идеялардың интернет арқылы таралу жолдарын, әлеуметтік желілердегі жалған ақпарат пен жасырын қауіптердің белгілерін анықтауға арналған кеңестерді тыңдады.
Кибершабуыл, фишинг, жалған парақшалар, әлеуметтік инженерия сияқты заманауи киберхатерлердің түрлері мысалдар арқылы түсіндірілді. Оқушылар өздерін алаңдатқан сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауап алды.
Спикерлердің айтуынша, қазіргі ақпараттық дәуірде жасөспірімдерді қорғаудың ең тиімді жолы – олардың саналы таңдау жасау, күмәнді ақпаратты сүзгіден өткізу және жеке қауіпсіздік ережелерін сақтау дағдыларын дамыту.
Іс-шара соңында оқушыларға интернеттегі қауіпсіздік жөніндегі жаднамалар таратылып, ақпараттық мәдениет пен онлайн мінез-құлықтың негізгі қағидалары қамтылды.
Дөңгелек үстел жасөспірімдер арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосты. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Шайза АСАНҚЫЗЫ
