Бородулиха ауданында «Қазпочта» бөлімшесінде интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған профилактикалық кездесу өтті. Іс-шараға аудан прокуратурасының өкілдері мен полиция қызметкерлері қатысып, тұрғындарға заманауи алаяқтықтың түрлері мен одан қорғану жолдарын түсіндірді.
Кездесу барысында құқық қорғау органдарының мамандары интернет пен мобильді қосымшаларда жиі кездесетін алаяқтық схемаларына тоқталды. Атап айтқанда, банктік карталар арқылы жасалатын заңсыз әрекеттер, әлеуметтік желілердегі жалған парақшалар арқылы ақша бопсалау, жалған ұтыс ойындары мен онлайн сатып алу кезіндегі алдау тәсілдері туралы кеңінен сөз болды.
Мамандар тұрғындарға интернет-ресурстарды қолдануда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертті. Әсіресе, белгісіз адамдарға жеке құжаттардың көшірмесін, банк картасының нөмірін, бір реттік SMS-кодтарды бермеу қажеттігі баса айтылды. Сондай-ақ, күмәнді сілтемелерге өтпеу, тек ресми қосымшалар мен сайттарды пайдалану ұсынылды.
Прокуратура мен полиция қызметкерлері интернет-алаяқтыққа тап болған жағдайда азаматтардың бірден құқық қорғау органдарына жүгіну керектігін жеткізді. Бұл – қылмыстың алдын алу мен кінәлілерді дер кезінде анықтау үшін маңызды қадам.
Аудан тұрғындары шара барысында мамандарға өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, нақты мысалдар арқылы кеңестер алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық кездесулер халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, интернет-алаяқтықтың алдын алуға септігін тигізеді.
Бородулиха ауданы ТЖБ
