Қазақстанның Жезкент кентінен шыққан «GRANGE» би ұжымы Ресейде өткен «Танцуй, Россия» жобасы аясындағы «Точка взлёта» халықаралық байқауының жартылай финалында жүлделі І дәрежелі лауреат атанды. Ұжым 50-ден астам қарсылас топ пен 2500-ден аса қатысушының арасынан озып шықты.
Қазылар алқасы Жезкенттен келген ұжымның дайындығы мен шеберлігін ерекше атап өтіп, «кішкентай кенттен шықса да, биік өнер көрсеткен» деп бағалады. Бұл – Жезкенттің шығармашылық әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеген сәт болды.
Байқауда ерекше энергетика, әсерлі эмоциялар мен жоғары деңгейдегі өнер көрсетілді.
— «Біз тек билеп қана қойған жоқпыз – қимыл-қозғалыс арқылы оқиғаларды айтып, әр нотаны жүрегімізбен сезіндік» – дейді ұжым мүшелері.
«GRANGE» ұжымы Жезкент кентінің атын халықаралық сахналарда мақтанышпен қорғап жүр. Бұл – тек өнер емес, туған жердің мәдени тарихына қосылып жатқан жарқын үлес. Кішкентай Жезкентте де талантты, еңбекқор, шабытты балалар өсіп келеді, олар үлкен өнер сахналарын бағындыруға дайын.
Енді ұжымның алдында жаңа белес тұр – келесі жарыс Ресейдің Сочи қаласында өтпек.
Шайза АСАНҚЫЗЫ,
«Жаңа уақыт»