Спорттың адам өмірінде алатын орны орасан екені белгілі. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Біздің ата — бабаларымыз «Тәні саудың – жаны сау», – деп бекер айтпаған. Спорттың кез келген түрімен айналысу адамның қабілет-қарымына байланысты. Осындай спорт түрлерінің бірі – футбол.
Жақында Бородулиха ауданының 95 жылдығына орай, аудан әкімнің кубогі үшін ерлер командалары арасында футболдан турнир өтті. Ауданымызда жеткіншектер арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау және ел болашағы жастарымыздың бойында елге, жерге деген сүйіспеншілікті оятатын патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында спорттық шараларды ұйымдастыру кеңінен жолға қойылып келеді. Аймақтық ойындар Петропавловка, Новодворовка, Подборный және Жаңашүлбі ауылдық округтерінде өткізілді. Футбол алаңдарында спортшыларға арналған сауда-саттық ұйымдастырылды.
Жаңашүлбі ауылдық округінде ауданымыздың 95 жылдығына арналған аудан әкімнің кубогі үшін ерлер командалары арнасында жарыс өтті. Оған Белағаш, Құнарлы, Переменовка және Жаңашүлбі ауылдық округінің командалары қатысты. Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімнің орынбасары М.Е. Табылдын барлық қатысушыларды құттықтады. Ойыншылар арасындағы тартыс әсерлі өтті. Жартылай финалға Жаңашүлбі және Белағаш ауылдық округтерінің командалары шықты.
Новодворовка ауылдық округінде Зубаир, Новодворовка, Бородулиха және Степной ауылдық округтер командалары арасында жарыс өтті.
Салтанатты ашылу рәсімінде ойыншыларды аудан әкімнің орынбасары Р.М. Абдрахманов пен ауылдық округ әкімі Е.Е. Маутқазиновалар қатысышуларды құттықтады. Жарыстың қорытындысында Бородулиха және Степной ауылдық округтерінің командалары жартылай финалға шықты. Подборный ауылдық округінде ерлер командалары арасында өткен жарыста Жезкент кентінің және Подборный ауылдық округінің командалары жартылай финалға шықты.
Петропавловка ауылдық округінде Новопокровка, Петропавловка, Красный яр, Дмитриевка ауылдық округтерінің командалары арасында ойындар өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында турнирге қатысушылар мен қонақтарды аудан әкімнің орынбасары Е.Ж. Селиханов құттықтады.
Ойындар нәтижесінде жартылай финалға Новопокровка және Петропавловка ауылдық округтердің командалары шықты. Спортшылар белгіленген уақытта ойын алаңына түгел шығып, іс-шараның ашылу салтанатын өткізді.
Стадионда өз командасын қолдауға келген жанкүйерлер де аз болған жоқ. Осы күні ауа-райы да тамаша болып, күн шуағын шашып тұрды. Сондықтан болар, ойын да тартысты әрі жоғары деңгейде өтті. Жартылай финалға Жезкент кентінің, Подборный, Новопокровка, Петропавловка, Бородулиха, Степной, Жаңашүлбі және Белағаш ауылдық округтерінің командалары шықты. Жартылай финал 12 тамызда Жезкент кентінде өтеді.
Сөз соңында айтарымыз, Бородулиха ауданында футбол дамып қана қоймай, бұл жолда аудан басшылығының ұстанған бағдары өз жемісін бере бастағаны баршамызды қуантады.
Ербол Темирбулатов

