Бородулиха ауданында қоғамдағы тең құқықтылық пен өзара сыйластықты дәріптеуге арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Абай облысының ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында, Облыстық достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының қолдауымен өткізілген жиынға ауыл тұрғындары, жастар, ардагерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген мамандар еліміздегі этносаралық келісімнің маңыздылығына тоқталды. Олар мәдени және тілдік әралуандық – қоғам байлығы екенін атап өтіп, әрбір азаматтың келісімді сақтау ісіндегі жеке жауапкершілігін түсіндірді.
– Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылығы – бейбітшілік пен бірлік. Қоғамдағы келісім тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, әр отбасы мен әр азаматтың жүрегінде орнығуы тиіс. Сол кезде ғана біз біртұтас, мықты ел боламыз, – деді шара барысында сөз алған ұйымдастырушылардың бірі.
Жиын барысында қатысушыларға құқықтық сауаттылықты арттыру жөнінде кеңестер берілді. Сондай-ақ кемсітушілікке жол бермеу, тең құқықтылықты қамтамасыз ету, толерантты қоғам құру тақырыптарында пікір алмасулар өтті.
Мұндай іс-шаралар жергілікті тұрғындар үшін үлкен маңызға ие. Себебі ол жастарды өзара сыйластыққа, мәдени әртүрлілікті құрметтеуге және бейбітшілік құндылығын бағалауға тәрбиелейді.
Қорытындысында ұйымдастырушылар алдағы уақытта да аудан тұрғындары арасында этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.
Бородулихалықтар бұл кездесуді қоғамдағы татулық пен түсіністікті арттыруға бағытталған маңызды қадам деп бағалады.
Этносаралық татулық – ел бірлігінің берік тұғыры. Бородулиха ауданында өткен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қоғамдағы бейбітшілік пен өзара құрметтің мәнін айқындай түсті. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – әрбір азаматқа ортақ құндылықтарды дәріптеу, бірлік пен келісімнің қадірін ұғындыру. Өйткені ынтымағы жарасқан елдің болашағы баянды болмақ.
А.НЕСІПБАЕВА