Бородулиха ауданында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы жоғары дәрежеде аталып өтті. Боздақтарға арналған ескерткіш алаңында Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмағали Рахимов және аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы Жеңісқазы Түйтебеков ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне алғыс айтып, ерлікке тағзым ету ұрпақ парызы екенін атап өтті.
-XX ғасырдың ең қасіретті соғысына Қазақстаннан 1 миллион 366 мың ұл мен қыз аттанды, олардың ішінде Бородулиха ауданынан 7088 адам майданға алынған. Олардың 1717-сі аман оралды, 5371 жауынгер майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Өкінішке орай, бүгінде ауданда Ұлы Отан соғысының көзі тірі ардагері қалмады. Алайда олардың есімі мен ерлігі халық жадында, жүрегімізде мәңгі сақталады. Соғыс даласындағы жауынгерлер ерлігін айта отырып, тылдағы қажырлы еңбек иелерінің де үлесін ұмытпауымыз керек. Жеңіс тек майданда емес, тылда да шыңдалды. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Жеңістің мәнін кейінгі ұрпаққа жеткізу және бейбітшіліктің қадірін білу – біздің басты парызымыз,- деді Айдар Маратұлы.
Шарада Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп оқушылары Жеңіс күніне арналған әдеби композиция орындап, батыр аталарымыздың ерлігі жас ұрпаққа өнеге екенін жыр шумақтары арқылы жеткізді. Жиынға қатысушылар мен Н.Островский атындағы мектеп оқушылары мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің рухына тағзым етті.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»