Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дәрігер – қастерлі мамандық. “Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек” деген ата-бабамыздың айтқан ұлы да ұлағатты сөздері бар. Медицинаның атасы Гиппократ: «дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды болу керек» деген екен ертеректе.
Осындай мамандықты таңдаған жанның бірі – Жезкент кетінің Медициналық санитарлық жедел көмек көрсету орталығының терапевт дәрігері Айнұр Түлебаева.
Біздің өңір 40 жыл бойы қуаты әр түрлі ядролық жарылыстар жасалған сынақ алаңы болды. Ядролық сынақ аумағында тұрған 1,5 млн азамат полигонның қасіретін бастан өткерген. 1989 жылы полигон жабылған кезде Айнұр Анесқанқызы бар болғаны 11 жаста еді. Жарма ауданының Шалабай ауылында дүниеге келген ол бала күнінен түрлі қатерлі ісіктерге шалдығып, ауырған науқастарды, генетикалық ауытқудың салдарынан өмірге келген кеміс балаларды көріп өсті.
— Семей полигоны – еліміз үшін үлкен қасірет болды. Халық түрлі ауруға шалдығып, жер құнарсызданып, өзен-көл сулары радиацияның салдарынан ауыр дәрежеде былғанды. Бала күнімнен әлем аждаһасының зардабын шегіп, мезгілсіз өмірден өткен, ауруға шалдыққан науқастарды көрдім. Жастардың ерте солып, өмірден өткеніне куә болдым. Сол кезде ақ халат киіп, дертке шалдыққан жерлестерімізді емдесем, бір адамның болсын аурудан айығуына, өмір жасын ұзартуға атсалыссам деп армандадым,- дейді Айнұр Түлебаева.
Бала арманы алдамады. Н.Крупская атындағы Шалабай орта мектебін бітіргеннен кейін, 1995 жылы Семей медициналық академиясының жалпы медицина факультетіне оқуға түсті. 1995-2001 жылы осы факультетті ойдағыдай бітіріп, 2001-2002 жылдары терапевт -дәрігер мамандығы бойынша ординатураны тәмамдады. Қолына диплом алған жас маман оқу орнының жолдамасымен 2002 жылдың қазан айында Жезкент дәрігерлік амбулаториясынан еңбек жолын бастады. Аталмыш орталықта табан аудармай еңбек етіп, бүгінгі күні білікті дәрігер атанып, әріптестерінің алдында өзіндік беделін қалыптастырып, науқастардың ыстық ықыласына бөленіп отыр.
— Жұмысымыздың басты мақсаты халыққа салауатты өмір салтын барынша насихаттау керек, одан өзге науқастарды күнделікті қабылдау, диспансерлік бақылау, көптеген аурулардың алдын алу мақсатымен скрининг шараларын өткізіп отыру, екпелерді жоспалау, көптеген құжаттарды дер кезінде толтырып отыру, диспансерлік есепте тұратын науқастарға тегін дәрілермен қамтамасыз ету, мемлекеттік тапсырмаларды дер кезінде орындау негізгі міндеттеріміздің қатарында. Медицина саласы қызықты болғанымен, өзінің қиындықтары да кездесіп отырады. Сол қиындықтарға мойымай, барынша халыққа адал қызмет етуге тырысамын,- деді Айнұр Анесқанқызы.
Медицина саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Айнұр Түлебаева аудан, облыс әкімдігінің алғыс хатымен, құрмет грамотасымен марапатталған. Бұл – уақытпен санаспай, тұрғындарға қол ұшын соза білген, антына адал білікті маманың жетістігі.
Кез келген еңбекқор әйелді үйдегі береке жетістікке жетелейтіні ақиқат. Қызметте адал еңбегімен абыройға ие болған Айнұр Анесқанқызы үйде екі баланың анасы, сүйікті жар.
Өз мамандығын мақтаныш емес, үлкен жауапкершілік деп сезінетін дәрігер қашанда қарапайымдылығынан танған емес. Мереке қарсаңында сұхбаттасқанымызда: «Қай кезде болмасын әріптестерім мені қолдап отырады. Сүйікті ұжымымды, барлық ақ халатты жандарды мерекелерімен құттықтаймын,- деді кейіпкеріміз.
Аурудың жасқа да, кәріге де қарамастан, ұрымтал жерден соға беретіні ақиқат. Осындайда, қыл үстіндегі адам тағдырын арашалаушы ақ халатты абзал жандар көмекке келеді. Сондықтан да, осынау абзал мамандық иесі алтын қолды дәрігерлер қауымына бесіктегі баладан есіктегі қарияға дейін айтар алғысы шексіз екендігіне шүбәміз жоқ.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»

