Тұрғындарды баспанамен қамту – өзекті мәселе. Бородулиха ауданында тұрғын үй қорын ұлғайту, тұрмыс жағдайын жақсарту және халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Бородулиха, Новопокровка, Михайличенково, Белағаш ауылдарында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалпы ауданы 2900 шаршы метр болатын 17 екі пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр.
Аудан әкімі Айдар Ибраев аудан орталығында көп балалы отбасыларға арналып салынып жатқан екі пәтерлі үйлерді аралады. Құрылыс алаңында болған Айдар Маратұлы мердігерлерге жұмысты тиянақты әрі сапалы жүзеге асыруды тапсырды. Сонымен қоса, Бородулиха ауылдық округінің әкімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін абаттандыру жұмыстарын алдын-ала жоспарлауды тапсырды. Жоспар бойынша Бородулиха ауылында 10 үй салынады.
-Тұрғын үйлердің құрылысы маусым айында басталған болатын. Қазан айына дейін аяқталады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарының сапасы аудан әкімінің бақылауында. Бүгінгі күні ауданда 460 баспанаға мұқтаж тұрғын кезекте тұр,- деді Бородулиха ауданы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Эльдар Конорбаев.
Айта кетсек, былтыр 10 пәтер пайдалануға берілсе, биыл 34 тұрғын қоныстой тойламақ.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»