Президент Жолдауы еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңін айқындап берді. Бұл құжатта халықтың әл-ауқатын арттыру, әділетті қоғам орнату, экономиканы цифрландыру және әлеуметтік мәселелерді шешу сынды аса маңызды бағыттар нақты көрсетілді.
Біз, мәслихат депутаттары, халықтың мүддесін қорғап қана қоймай, қабылданған реформалардың жергілікті деңгейде жүзеге асуына тікелей үлес қосамыз. Әсіресе, әлеуметтік әділеттілік қағидатын қамтамасыз ету – басты назарымызда. Азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру, ауыл-аймақтардың дамуына жағдай жасау, білім мен денсаулық саласын қолдау – күн тәртібінен түспейтін негізгі міндеттердің бірі.
Сонымен қатар, Жолдауда айтылған экономиканы цифрландыру бағыты – уақыт талабы. Цифрлық технологиялар тек қалада ғана емес, ауылдық жерлерде де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға, шағын және орта бизнестің дамуына серпін бермек. «Аманат» партиясы осы міндеттердің әрқайсысын жүзеге асыру үшін нақты іс-шараларды қолға алып отыр.
Жолдаудың тағы бір маңызды тұсы – кадрлар даярлау және жастарға қолдау көрсету. Жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіптік білімді жетілдіру және мамандықтардың беделін арттыру – ел ертеңін айқындайтын қадам. Бұл ретте жергілікті деңгейде жастарды ынталандыру, ауылдық мектептерде заманауи білім беру тәсілдерін енгізу – басты басымдықтардың бірі.
Жолдауда белгіленген мақсаттар Бородулиха ауданы үшін де айрықша маңызды. Біз ауданымыздың өркендеуі жолында бірлесіп еңбек етуге, ортақ іске белсенді араласуға дайынбыз. Халықтың сенімін ақтап, әрбір қадамымызды ел игілігіне бағыттау – біздің басты борышымыз.
Ел Президентінің Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру – қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып қана қоймай, еліміздің жаңа тарихи кезеңге нық қадам басуына жол ашады.
С. УРАШЕВА,
Бородулиха аудандық мәслихаттың төрайымы