13–15 қыркүйек күндері Абай облысы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешенінде КСРО спорт шебері Мәлік Ғизатұлы Үсеновты еске алуға арналған дзюдодан облыстық чемпионат өтті. Жарыс 2010–2012 жылдары туған жасөспірімдер мен қыздар арасында ұйымдастырылып, өңірдің түкпір-түкпірінен жиырмаға жуық команда қатысты. Жас спортшылар татами үстінде шеберліктерін көрсетіп, өзара бақ сынасты.
Бородулиха ауданынан «Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» және «BATYR» спорттық-патриоттық клубының тәрбиеленушілері ерекше көзге түсті. Атап айтқанда, Құмаров Ернұр мен Құмаров Арнұр жеңіс тұғырынан көрініп, аудан намысын абыроймен қорғады.
Құмаров Арнұр 46 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болып, арнайы ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар, ол алдағы уақытта өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алды. Бұл жеңіс жас спортшының табандылығы мен төзімділігінің, сондай-ақ бапкер-оқытушы Қуаныш Кенжегалиевич Байболовтың еңбегінің нәтижесі болып отыр.
Жерлестеріміздің жетістігі тек жеке спортшылар үшін ғана емес, аудан спортының дамуына серпін беріп, басқа жасөспірімдерге үлгі болды. Осындай чемпионаттар жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, дене шынықтыру мен патриоттық тәрбиенің маңызды құралы болып табылады.
Аудандық спорт мекемелері болашақта да жас спортшыларға қолдау көрсетуді жалғастырып, олардың халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуіне жағдай жасауға ниетті.
Ш.ДОСКЕЕВА,
«Жаңа уақыт»