Күн жылынып, қар сөбесі сөгілгелі қызыл судан келер қауіп те арта түскені рас. Облысымызда биыл жер тоңы жылдағы кезеңмен салыстырғанда қалыңырақ болуы да алаңдаушылық тудырып отыр. Сондықтан Бородулиха ауданында қаңтар айынан бастап көктемгі кезеңге дайындық үздіксіз жүргізілуде. Жуырда Абай облысының ТЖД бастығы Манарбек Шапағатовтың қатысуымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы да өткен болатын.
Жиында ықтимал су тасқыны кезеңіне дайындық пысықталып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардан болатын залалды азайту үшін алдын алу іс-шараларын өткізу мәселесі талқыланған. Жалпы, аудан аумағында 5 ықтимал су тасқыны қаупі бар елдімекен анықталған.
Бүгінгі күні су тасқынына қарсы іс-шаралар жүйелі түрде жалғасуда. Қар шығару, су арналарын қоқыстан тазарту қарқыны бәсеңдеген жоқ. Қазіргі таңда 35.5 текше метрден астам қар шығарылып, аудандағы 16 көпір толық, 268 су өткізгіш құбырдың 65 пайызы қоқыстан тазартылған.
Сондай-ақ, инертті материалды дайындау және оны қапшыққа салу жұмыстары жүргізілуде, ауылдық округтерде 1171 дана қапшық дайындалған. Аудан әкімі Айдар Ибраев елдімекендерді аралап, қызыл судың алдын алу шаралары бойынша атқарылған істерді бақылауда ұстап отыр.
Әйгерім ЖАҚЫП,
«Жаңа уақыт»