Семей қаласында 26 тамыз күні «Мемлекет – бизнес – үкіметтік емес ұйымдар: тиімді өзара іс-қимыл және серіктестік» тақырыбында өңірлік азаматтық форум өтті. Бұл форум билік, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы ашық диалог алаңына айналды.
Форум жұмысына Абай облысының әкімі Берік Уәли, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» қауымдастығы, сондай-ақ қоғамдық қорлар мен ұйымдардың жетекшілері қатысты. Бүгінде өңірде 300-ден астам үкіметтік емес ұйым белсенді жұмыс істейді, ал 2023 жылдан бері Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жұмыс істеп келеді.
Форумға Бородулиха ауданының үкіметтік емес ұйымдары да қатысты. Аудан үшін ерекше мақтаныш – «Ерлік Даңқ» іздестіру жасағының «Үздік ауылдық үкіметтік емес ұйым» номинациясымен марапатталуы болды.
Абай облысында құрылған «Ерлік Даңқ» жасағы Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің есімін мәңгі есте қалдыруға атсалысып келеді. Оның құрамында мұғалімдер мен жастар бар. Жасақ экспедициялар ұйымдастырып, сарбаздардың сүйектерін қайта жерлеу жұмыстарын жүргізеді, ғылыми-зерттеу еңбектермен айналысып, халықаралық еске алу акцияларына қатысады. Олардың еңбегі көпшілікке үлгі болып, облыстық деңгейде лайықты бағасын алды.
Іздестіру жасағының командирі Арман Мұқанов форумда сөз сөйлеп:
– «Біздің еңбегімізді жоғары бағалағандарыңызға алғыс айтамыз! Бұл марапат бізді азаматтық қоғамның дамуына әрі қарай үлес қосуға ынталандырады», – деді.
Семейде өткен өңірлік азаматтық форум мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы серіктестіктің азаматтардың белсенді қатысуынсыз мүмкін еместігін айқындады. Ал бородулихалықтар үшін бұл басқосу өз жобаларын таныстырып, лайықты мойындауға ие болуға үлкен мүмкіндік болды.
“ЖУ” ақпарат