Өткен жексенбіде Бородулиха ауданының тұрғындары үшін тарихи әрі қуанышты күн болды. Аудан орталығында еңселі де сәулетті Абай атындағы жаңа мешіттің салтанатты ашылуы өтті.
Бұл күнді көпшілік көптен бері асыға күткен еді. Қасиетті ғимараттың құрылысы 2023 жылғы 23 наурызда басталып, екі жылға жуық уақыт ішінде аудан халқының ауызбіршілігі мен ынтымағының арқасында құрылысы толық аяқталды. Жаңа мешіттің ашылу рәсіміне аудан басшылығы, қоғамдық ұйым өкілдері, ауыл ақсақалдары, дін қызметкерлері мен жүздеген тұрғын қатысты.
Салтанатты іс-шара Құран оқылып, мешіттің лентасын қию рәсімінен басталды. Жиналған жұртшылық жаңа ғимараттың сәулеті мен ішкі безендірілуіне тәнті болды. Ғимарат екі қабатты, төрт минареті бар және 350 адамға арналған. Бірінші қабатта ерлерге арналған кең әрі жарық намаз залы орналасқан, ал екінші қабатта 50 орындық әйелдер залы, шәкірттерге арналған оқу бөлмелері – барлығы да жамағаттың ыңғайына сай жасалған. Ғимараттың жалпы ауданы 270,7 шаршы метрді құрайды.
Мешіттің құрылысына ауданның әр түкпірінен жеке тұлғалар мен ұйымдар үлес қосты. Шаруа қожалықтарының басшылары, кәсіпкерлер, зейнеткерлер, студенттер имандылық үйінің игілігі үшін бірлесе еңбек етті. Бұл – ел ішіндегі ынтымақ пен өзара қолдаудың жарқын үлгісі.
Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Айдар Ибраев мешіттің құрылысына атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірді:
— «Бұл мешіт – халқымыздың имандылыққа, рухани жаңғыруға деген талпынысының көрінісі. Ең бастысы – осы істің барлығы бірліктің арқасында жүзеге асты. Бірлік бар жерде береке бар», – деді ол.
Имандылық үйінің ашылуы аясында тағы бір игі іс жүзеге асты. «Бородулиха-2025» қоғамдық қорының қолдауымен сатып алынған екі автокөліктің кілттері аудандық мешіттің имамына және Бородулиха ауылындағы Свято-Николь шіркеуінің настоятеліне табысталды. Бұл қадам – ауданымыздағы рухани көшбасшылардың еңбегіне көрсетілген құрмет әрі қоғамдағы татулық пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған маңызды бастама.
Жиналған жұрт бұл игі істі зор қуанышпен қарсы алып, мешіттің алдында естелік суретке түсіп, бір-біріне ізгі тілектерін білдірді.
Бородулиха халқы үшін бұл жексенбі – тек жаңа мешіттің ашылу күні ғана емес, сонымен бірге аудан өміріндегі рухани жаңғырудың жаңа кезеңі болды.
Бірлік пен татулық орнаған жерде береке мен игілік молая бермек. Бүгінгі қуанышты сәт – соның айғағы.
Ш. Доскеева,
«Жаңа уақыт»

