Бородулиха ауданында санитарлық тазалық айлығы аясында кезекті жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды. Бұл игі шараға аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері, жастар мен еріктілер белсенділікпен қатысып, туған жердің тазалығына жанашырлық танытты.
Сенбілікке барлығы 296 адам шықты. Олар қатарында мемлекеттік мекемелердің, білім беру ұйымдарының, денсаулық сақтау және мәдениет саласының қызметкерлері, кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары бар. Барлығы 26 мекеме мен ұйым табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлестерін қосты.
Тазалық жұмыстарына 5 арнайы техника жұмылдырылып, аудан орталығы мен ауылдық округтер аумағы тазартылды. Сенбілік нәтижесінде 29 аула аумағы ретке келтірілді (оның ішінде 10 көпқабатты тұрғын үй ауласы, 13 жеке тұрғын үй ауласы), аудан аумағынан 9 тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылды, 3 парк пен сквердің аумағы абаттандырылып, ағаштар әктеліп, жасыл желек күтімге алынды.
Сонымен қатар, 23 әлеуметтік нысанның (мектептер, балабақшалар, спорт және денсаулық сақтау мекемелері) аумақтары тазартылды. Бұдан бөлек, 22 кәсіпкерлік нысан маңында да тазалық жұмыстары жүргізіліп, қоршаған ортаны таза ұстау ісіне кәсіпкерлер белсенділік танытты.
Аудан тұрғындары сенбілік барысында тек тазалық жұмыстарын атқарып қана қоймай, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті жастарға үлгі етті. Бұл сенбілік ауданның санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың туған жеріне деген жанашырлығын, ұжымдық жауапкершілік сезімін арттырды.
Бородулиха ауданы әкімдігі алдағы уақытта да санитарлық тазалық айлығы аясында түрлі экологиялық акциялар мен сенбіліктерді жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл бастамалар табиғатты қорғауға, елді мекендердің абаттандырылуына, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасының жақсаруына ықпал етпек.
«ЖУ» ақпарат