Астана қаласында 20-21 қыркүйек күндері Абай облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге ет, көкөніс, бал, сүт өнімдері, ұлттық тағамдар, бақша дақылдары шығарылып, 350 тоннадан астам 20-ға жуық өнім қолжетімді бағамен сатылды. Жәрмеңкеде Бородулиха ауданының азық-түлік өнімдері де ұсынылды.
Ауданның еңбекқор фермерлері өнімдерін жоғары деңгейде таныстырып, елордалық жұртшылық олардың табиғилығы мен сапасын зор ықыласпен бағалады.
Ауданымыздың ауыл шаруашылығы өндірушілері дәстүрлі сұранысқа ие өнімдерді: шұжық ірімшігі — 7,6 кг, сарделька — 10 кг, «Гауда» ірімшігі — 198,5 кг, сары май — 120 кг, қаймақ 15%, 20% және 30% — әр түрінен 19 кг, күнбағыс майы – 200 бөтелке 5 кг-нан, бал – 4,5 тонна көлемінде лайықты түрде ұсынды.
Мұндай жәрмеңкелер Бородулиха ауданы үшін тек өнімді сатудың мүмкіндігі ғана емес, аудан брендін ілгерілетуге, өңірлер арасындағы байланыстарды нығайтуға және әріптестікті дамытуға жағдай жасайды.
Жәрмеңкеде астаналық қонақтар үшін «Абай елі – өнер кеніші» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, «Дала сазы» этно-фольклорлық ансамблі, «Тұмар» би ансамблі, «Дала үні» акаппеласы, «Самғау» тобы және филармония мен эстрада-симфониялық оркестрдің әншілері өнер көрсетті.
Елорда тұрғындары үшін бұл күн нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлады. Осылайша, жәрмеңке өнім мен мәдениетті бір арнада тоғыстырған үлкен шараға айналды.
Жәрмеңкеде аудан өнімдері жоғары бағаланып, Бородулиха ауданының сапалы тауарларымен облыс деңгейінде бәсекеге қабілетті екенін көрсетті. Бұл жетістік аудан үшін үлкен мақтаныш қана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін ілгерілетіп, жаңа нарықтарға шығуға жол ашатын маңызды қадам болды.
Шайза АСАНҚЫЗЫ,
«Жаңа уақыт»

