Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл – бұл жай ғана атаулы дата емес. Бұл – әр өңірдің елдік мерейін асқақтатып, өз үлесін қосуға ұмтылатын мерейлі сәт. Ұлы тойға арналған игі істердің қатарында Бородулиха ауданы да бар.
«BORODULIHA 25» қоғамдық қорының қолдауымен аудан атынан бір автокөлік сатып алынып, 10 тамыз күні Абай ауданында өткен аламан бәйгеде бас жүлде ретінде табысталды. Бұл марапат Павлодар облысының жүйрігіне бұйырды.
Сыйлық тапсыру рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Бородулиха ауданынан барған делегация бұл тартуды елдік мерекеге ортақтасқан шынайы ықыласпен ұсынды.
Делегация құрамында аудандық мәслихат төрайымы Сауле Урашева,
«BORODULIHA 25» қорының негізін қалаушы Талғат Оразаев, аудандық мәслихат депутаты Айтуған Қудушев, шаруа қожалығының басшысы Ерлан Зайтенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмағали Рахимов болды.
Аудан басшылығы бизнес өкілдері мен шаруа қожалықтарының жетекшілеріне ерекше алғыс білдірді. Олардың қолдауы мен белсенділігінің арқасында жаңа «BORODULIHA 25» қорының алғашқы жобасы сәтті жүзеге асты.
Алдағы уақытта бұл қордың тағы да ауқымды бастамалары қолға алынбақ. Өйткені игі істер дәстүрге айналғанда, өңірдің қуаты да, бірлігі де нығая түседі.
Шайза АСАНҚЫЗЫ,
«Жаңа уақыт»