Абай облысы, Бородулиха ауданында республикалық деңгейде ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өз жалғасын табуда. Табиғатты қорғау мен жасыл желекті көбейтуге бағытталған бұл игі бастамаға ауданның әрбір мекемесі, ұйымы мен тұрғындары үлестерін қосуда.
Аталған акция аясында Бородулиха ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері мен Новошульба ауылдық округі әкімдігі бірігіп, «Балаларды қолдау орталығы» КММ-не арнайы сыйлық жасады. Олар орталық ауласына отырғызу үшін емен ағашының жас көшеттерін табыс етті. Табандылық пен ұзақ ғұмырдың белгісіндей саналатын бұл ағаш – балаларға болашаққа сенім мен мықтылықтың нышаны ретінде ұсынылды.
Салтанатты шараға орталықтың тәрбиеленушілері, қызметкерлері және ауылдың құрметті қонақтары қатысып, қолдарына күрек алып, жас көшеттерді бірлесе отырғызды. Шара барысында балалар табиғатты аялаудың маңызы туралы түсінік алып, жасыл желектің ел өміріндегі орны жайлы әңгімелер тыңдады.
Жалпы жұмыс ортақ күштің нәтижесінде ерекше көңіл-күй сыйлап, бірлікті арттырды. Жас көшеттер тек аумақты абаттандырып қана қоймай, болашақ ұрпақ үшін көлеңкесі мен тынысын берер мәңгілік мұраға айналмақ.
Осындай экологиялық бастамалар ауылдар мен қалалардың көркіне көрік қосып қана қоймайды, сонымен қатар өскелең ұрпаққа туған жерді аялау, табиғатты сақтау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау сынды құндылықтарды дарытады. Бұл – жас буынға берілер үлкен тәрбие, болашаққа қалдырар аманат.
Ш.АСАНҚЫЗЫ,
«Жаңа уақыт»