Жыл сайын маусымның үшінші жексенбісі елімізде медицина қызметкерлерінің мерекесі болып есептеледі. Бұл – әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-жігерін салатын әрі өмір мен өлім үстіндегі адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын ақ халатты абзал жандардың кәсіби төл мейрамы. Кез келген науқастың қажетті ем алып, аяқтан тұруын басты назарда ұстайтын бұл мамандық иелерінің еңбектері ерен. Мереке қарсаңында Бородулиха аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Қосамбеков Марат Ауеспекұлынан сұхбат алған едік.
Халқымыз байырғы заманнан жан мен тәннің саулығын басты орынға қойған. Сол себепті бірінші байлық – денсаулық деген. Өз істерінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді.
— Марат Ауеспекұлы, Бородулиха ауданында денсаулық сақтау саласы қалай дамып келеді?
Бородулиха ауданында соңғы жылдары денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға ерекше көніл бөлініп келеді. Ауданның 3 елді мекенінде медициналық ғимарат жаңадан бой көтерді. Аурухананың материалдық базасы нығайтылып, медициналық жабдықтар жаңартылуда.
Сонымен қатар кадр мәселесін шешу үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Телемедицина, цифрландыру, профилактикалық тексерулер – осының бәрі тұрғындарға сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге бағытталған.
— Ауданға қарасты қанша аурухана, фельдшерлік пункттер бар?
Бүгінде аудан аумағында 8 амбулатория, 7 фельдшерлік-акушерлік пункт, 13 медициналық пункт жұмыс істейді. Барлығы 25-тен астам алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны бар, олар тұрғындарды алғашқы жедел көмекпен қамтамасыз етіп отыр.
— Қанша жоғары білімді дәрігер, қанша орта және кіші медицина қызметкері жұмыс атқарады? Дәрігерлердің жас көрсеткіштері қандай?
Ауданда қазіргі таңда жоғары білімді дәрігерлер саны – 62, ал орта медицина қызметкерлері – 400. Олардың құрамында фельдшерлер, медбикелер, акушерлер және зертханашылар бар. Сонымен қатар санитарлар, жүргізушілер және техникалық қызметкерлер жүйелі түрде жұмыс атқаруда.
Қызмет атқарып жүрген дәрігерлердің орташа жасы – 45-50 жас аралығы. Арасында тәжірибелі мамандармен қатар жас дәрігерлер де бар. Қазіргі таңда аудандық аурухана мен ауылдық медициналық мекемелерде 30 жасқа дейінгі бірнеше жас маман табысты еңбек етуде. Бұл – біздің саланың болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік береді.
— Дәрігер маман тапшылығы бар ма? Болса қандай?
Иә, аудан көлемінде кейбір тар бейінді мамандарға сұраныс бар. Атап айтқанда, гинеколог, ультрадыбыстық диагностика (УЗД) дәрігері сияқты мамандардың тапшылығы сезіледі. Бұл мәселені шешу үшін бірқатар шаралар қолға алынған: кадрларды қайта даярлау, өңірлік гранттар арқылы оқыту, жас мамандарды тарту жұмыстары жүргізілуде.
— Аудан бойынша «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен барған дәрігер мамандар бар ма?
Дипломмен ауылға мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданымызға соңғы жылдары бірнеше жас маман келді. Мәселен, 2024 жылы Бородулиха аудандық ауруханасына жалпы тәжірибелік дәрігер келіп тұрақты жұмысқа орналасты. Ол көтерме жәрдемақы алды, сонымен қатар тұрғын үй мәселесі де шешімін таппақ. Бұл бағдарлама – жас мамандарға үлкен қолдау, әрі ауылдық денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығына ықпал етеді.
— Жалпы дәрігерлерге қандай жағдай жасалған?
Мамандарға әлеуметтік қолдау ретінде көтерме жәрдемақы, инфрақұрылыммен жабдықталған жұмыс орны, қаайта даярлау және біліктілік арттыру курстарына жолдама беріледі.
— Диспансерлік есепте тұрған науқастар саны көп пе? Оларға көмек көрсету қандай деңгейде?
Созылмалы сырқаттармен диспансерлік есепте тұрған тұрғындардың саны жылдан жылға өсіп отыр. Қазіргі уақытта аудан бойынша 10 мыңнан аса науқас диспансерлік бақылауда. Олардың ішінде гипертония, қант диабеті, жүрек қан тамыр жүйесі аурулары мен онкологиялық сырқаттар жиі кездеседі. Бұл науқастар тұрақты тексерістен өтеді, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
— Емделушілер арасында ана мен бала өлімі орын алған жоқ па?
2024 жылдан бері жалпы өлім көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда төмендеді. Ана өлімі тіркелмеген. Бұл – профилактикалық жұмыс пен акушерлік көмек сапасының артуының нәтижесі. Ауыр науқастар үшін уақытылы диагностика мен көмек көрсетуінің нәтижесінде күрделі асқынулардың саны азайып келеді.
— Шалғай елді мекендер халқына медициналық көмек көрсету қалай жүзеге асырылады?
Шалғайда орналасқан ауылдарға мобильді бригадалар тұрақты түрде шығып тұрады. Олар алғашқы тексеру, скрининг, вакцинация, гинекологиялық, терапевтік қызметтер көрсетеді.
— Науқастардың облыс орталығына барып емделулеріне мүмкіндік жасалған ба?
Аудан тұрғындарына облыс орталығына жоспарлы түрде жолдама беру, күрделі жағдайларда бағыттау тәртібі жолға қойылған. Әсіресе жоғары технологиялық диагностикалық тексерулерге (КТ, МРТ) немесе күрделі операцияларға жолдама беріледі.
— Аудандық ауруханада қанша науқас стационарлық ем ала алады?
Бородулиха аудандық ауруханасында жалпы 78 орындық стационар бар. Терапия, хирургия, педиатрия, инфекциялық және босану бөлімі жұмыс істейді. Сонымен қатар күндізгі стационарлар ауылдық амбулаторияларда да бар, бұл — тұрғындар үшін қолайлы ем қабылдау жолы.
— Аудан ауруханасында жоспарлы және шұғыл ота жасала ма?
Аудандық аурухананың хирургиялық бөлімшесінде жоспарлы және шұғыл оталар жасалады. Эндовидео арқылы бірнеше ота түрлері жасалады. Анестиозолог-реаниматолог мамандар бар. Күрделі оталар облыстық ауруханаға жіберіледі.
— Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласын жақсарту үшін қандай шаралар жасалып жатыр?
— Мемлекеттің басты капиталы халқы ғой. Елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында кешенді жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл медицинасын нығайтуды тапсырды. Соңғы жылдары ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункттер мен медициналық амбулаториялар салынуда. Осы игі істер жалғасып, денсаулық сақтау саласы нысандары жөнделеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қоса, материалдық-техникалық базаны нығайтып, мекемелерді медициналық көліктермен қамту көзделген. Кадр тапшылығын жойып, ауданға жас мамандарды тарту және тұрақтандыру бағытында да жоспарлы жұмыстарымыз бар. Бұдан бөлек, аурудың алдын алу мақсатында скринингтер мен вакцинациямен қамту деңгейін арттыру көзделуде.
Денсаулық сақтау – тек емдеу емес, қоғамға деген қамқорлықтың айқын көрінісі. Біздің міндет – ауылдағы әрбір тұрғынның сапалы медициналық көмек алуын қамтамасыз ету. Қай сала болмасын, ең бастысы – адам. Ал біздің саланың өзегі – адамның өмірі мен саулығы.
-Аудан бойынша денсаулық саласындағы болып жатқан оң өзгерістер өскелең ұрпақтың мықты болып өсуіне септігін тигізетіні анық.
Денсаулық жолындағы атқарып жатқан жұмыстарыңызға сәттілік!
Сұхбаттасқан Шайза Асанқызы,
«Жаңа уақыт»