Жерлесіміз, Зубаир ауылдық округіне қарасты Байтанат ауылының тумасы Қызыр Мұхамеджанов өртенген үйден әйел адамды алып шығып,ерлік жасады.
Оқыс оқиға 10 маусым күні Семей қаласында орналасқан жеке тұрғын үйдің бірінде орын алды. Қызметінен кейін үйіне қайтып келе жатқан Семей қаласындағы әскери бөлімнің коменданттық взводында жүргізуші-электрик қызметін атқаратын қатардағы жауынгері Қызыр Мұхамеджанов өртке оранған үйді байқап, іштен шыққан айқай дыбыстарын ести сала, дереу әрекет етуді шешеді. Ол үйдің қоршауынан секіріп өтіп, терезені сындырып, қою түтінге толы бөлмеге енеді. Түтін арасынан әйелдің дауысын бағыт ретінде пайдаланып, оны тауып алып шығып, келген дәрігерлерге тапсырған.
Құтқарылған әйел қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдап жатыр, оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Қатардағы жауынгер Қызыр Мұхамеджанов өзінің бұл әрекетін азаматтық борышы деп санайды. Қорғаныс министрлігі оның бұл әрекетін шынайы батырлық пен Отан алдындағы адал қызметтің үлгісі ретінде бағалап отыр.
Қызыр Мұхамеджанов – екі баланың әкесі, он жылдан астам уақыттан бері Қарулы Күштер қатарында келісімшарт бойынша қызмет етіп келеді. Ол мерзімді әскери қызметін абыроймен атқарып, өз ісіне берілген сарбаз ретінде танылған.
А.Гайфутдинов,
Зубаир ауылдық округінің
бас маманы