Алаяқтық – бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкіне қатысты құқықты иемдену. Алаяқтық – бұл нарықтық экономика жағдайында және кәсіпкерлік қызмет еркіндігінде кең таралған қылмыстың түрі.
Бүгінгі таңда ең кең таралып жатқан алаяқтықтың өте қауіптісі – ол интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Ғаламтордағы әккілер әсіресе, әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отыр. Интернет алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналды.
Жақында Бородулиха ауданының прокуратурасы полиция бөлімімен және аудандық жастар мәслихатының төрағасы Серік Орынхановпен бірлесіп, интернет-алаяқтықпен күресу мақсатында арнайы рейд өткізді.
Бородулиха аудандық прокуратурасы интернет-алаяқтықтың алдын алу және жолын кесу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ақпарат және коммуникациялар саласында, сондай-ақ ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарламасын іске асыру аясында интернет желісіндегі алаяқтық бойынша 2023 жылдың үшінші тоқсаныңда 30 факт тіркелді.
Алаяқтық әдістерінің ішінде ең көп таралғаны – банк қызметкерлері арқылы жасау әдісі – 16 жағдай, сондай-ақ сенімге кіру әдісі – 9 жағдай. Талдау көрсеткендей, әйелдер неғұрлым осал топ болып саналады, өйткені оларға қатысты 23 алаяқтық фактісі тіркелген, ал ерлерге қатысты 7 іс болған. Бұл қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ақпараттық қауіпсіздік жүйесіндегі осал тұстарды еңсеру бойынша тиімді шаралардың қажеттігін көрсетеді.
Айта кетерлік жайт, тұрғындарға интернеттегі алаяқтықтың әдістері мен түрлері, сақтық шаралары туралы түсіндіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Ақпарат және коммуникация саласындағы қылмыстармен күресу шаралары бұқаралық ақпарат құралдарында және интернетте белсенді түрде көрсетілуде. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар жергілікті жерлерде де жүргізілуде. 26 полиция қызметкері, оның ішінде 18 учаскелік инспектор қоғамдық орындарда буклеттер мен бейнероликтерді орналастыру бойынша ауқымды іс-шараларды атқарып келеді. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, кейбір ұйымдарда азаматтардың басын қосқан кездесулер ұйымдастырылып, әлеуметтік желілер мен жаңалықтар порталдарында алдын алу шаралары жүргізілуде.
Сондай-ақ киберқылмыстарды ашудың және қылмыстық топтарды ұстаудың оң тәжірибелері кездеседі. Бұл халықтың билік органдарына деген сенімін нығайтуға және оларды ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңдарды сақтауға ынталандыруға бағытталған.
Бір сөзбен айтқанда, Бородулиха аудандық ішкі істер бөлімі мен прокуратураның интернет-алаяқтықпен күрес аясындағы жұмыстары ерекше бақылауда және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстық әрекеттердің алдын алуға бағытталған.
Азамат Смагулов