Бородулиха ауданының төтенше жағдайлар бөлімі жас жеткіншектер үшін ерекше маңызы бар алдын алу іс-шарасын өткізді. Балалардың қауіпсіздігі – қоғам үшін басты құндылық, сондықтан мұндай жұмыстар ұдайы назарда.
Іс-шара барысында өрт қауіпсіздігінің қарапайым, бірақ өмірлік маңызы зор ережелері түсіндірілді. Құтқарушылар балаларға:
• сіріңкемен ойнаудың қауіпті екенін;
• өрт шыққан жағдайда 101 немесе 112 нөміріне хабарласу керектігін;
• өрт сөндіргіш құралын дұрыс қолдану жолдарын көрсетті.
Практикалық бөлімде оқушылар арнайы құрылғыларды өздері ұстап көріп, өрт сөндіргішті қалай қосу және қолдану керектігін үйренді. Бұл олардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, өмірде қажет болатын дағдыны қалыптастырды.
Сонымен бірге балаларға құтқарушылар аллеясы таныстырылып, батылдық пен ерлік үлгісін көрсеткен мамандардың еңбегі туралы айтылды. Балалар құтқарушылардың кәсібіне қызығушылық танытып, көптеген сұрақтар қойды.
Мұндай іс-шаралардың тәрбиелік мәні зор. Олар балаларды жауапкершілікке, қауіпсіздік мәдениетін сақтауға, төтенше жағдайда абдырамай әрекет етуге үйретеді. Сонымен қатар, өрт сөндірушілер мамандығының қоғамдағы орны, олардың ерлігі мен жанқиярлығы туралы түсінік береді.
Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары атап өткендей, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Бородулиха ауданы ТЖБ