Өткен аптада «Балаларды қолдау орталығы» тәрбиеленушілері мен балабақша бүлдіршіндері бір сахнаға бірігіп, «Өнім жинау мерекесі» атты әсерлі әрі көркем қойылым ұсынып, бүлдіршіндерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Сахна безендірілуі бірден көрерменді ертегі әлеміне жетеледі: алтын түсті жапырақтардан жасалған әшекейлер, шамдар мен күлімдеген асқабақтар – барлығы залды нағыз жылы асқабақ ауласына айналдырды.
Жүргізуші көрермендерді түнде тіріліп, бір-біріне құпия шертетін асқабақтар туралы қызықты әңгімемен баурап алды. Шаттыққа толы әуен басталғанда балалар сахнада «Асқабақ биін» орындап, залды күлкі мен қуанышқа бөледі.
Спектакльдің басты оқиғасы – Алтын дәннің, яғни молшылық белгісінің жоғалуы. Балалар сүйікті кейіпкерлері – асқабақ Злата, қарға Карла, тышқан Пик, фонарик Джек және мысық Лунамен бірге жоғалған тұқымды іздеуге аттанды.
Көрермендер оқиғаға белсене қатысып, кейіпкерлерге жасырынған кедергілерден өтуге, тапсырмаларды орындауға көмектесті. Бұл сәттер достық пен бірліктің маңызын айқын көрсетті.
Сахнаның шарықтау сәтінде Егін перісі пайда болып, айналаны жұмсақ алтын түсті нұрға бөледі. Ол балаларға:
«Нағыз ғажайып – достық пен мейірім бар жерде туады», — деп жылы сөз арнап, қойылымға ерекше эмоциялық реңк берді.
Мереке шаттыққа толы хороводпен аяқталып, балалар «Өнім жинау мерекесі» әнін бірге орындады. Зал толы көрермен ду қол шапалақпен қошемет көрсетті.
Педагогтардың айтуынша, мұндай шаралар балалардың көңілін көтеріп қана қоймай, оларды бауырмалдыққа, ізгілікке, жауапкершілікке тәрбиелейді. Ал үлкен тәрбиеленушілер үшін кішкентайларға өнер көрсету – үлкен құрмет пен шынайы қуаныш.
Жылылыққа толы бұл мереке балалар үйі мен балабақша тәрбиеленушілерінің достығы мен сыйластығын нығайтып, әр жүрекке мейірім сәулесін таратқан ерекше күн болды. Қойылым соңында табылған Алтын дән секілді, жақсылық пен жылулық та әр бала жүрегінде жаңғырып тұрды.
Ш.ДОСКЕЕВА,
«Жаңа уақыт»
