Бородулиха — тамылжыған табиғатымен талайды тамсандырған, сап түзеген қарағайы, бұланы мен бұғысы мекен еткен қалың қара орманымен көпшілікті таңғалдырған, талай ақын мен батырды, балуан мен ғалымды өмірге әкелген киелі өлке. Кешегі өткен Ақан сері мен Біржан салдың әндерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, ізін жалғаған асылдың сынығы, тектінің тұяғы, дәстүрлі әнші Мәдениет Ешекеев пен Болат Сыбановтай сазгерлеріміз дүниеге келген, Таупық Рымжанұлындай жазушысы, Тілеубай Ыдырысұлындай ғалымы бар, Құсман Қосановтай палуанның кіндік қаны тамған қасиетті жер.
Бүгінде бірлігі мен берекесі жарасқан аудан әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамып келеді. Жуырда аудан әкімі Айдар Маратұлымен аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді.
— Айдар Маратұлы, Сіз Бородулиха ауданының әкімі лауазымына тағайындалған сәттен бері бір жылға жуық уақыт өтті. Осы уақыт аралығында ауданда орын алған өзгерістерге, өңірдің даму деңгейіне тоқталсаңыз…
— Өткен бір жылда барлық салада атқарылған айтарлықтай табысты жүзеге асырылған істер аз емес. Алға қойған негізгі мақсатымыз — ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту, халықтың өмір сүру деңгейінарттыру. Алға қойған жоспарлар да ауқымды. Ел Президентінің биылғы Жолдауы әрбір басшыға, әрбір еңбек адамына тың серпіліс беріп, жаңаша жұмыс істеуге жігерлендіріп отыр. Ауданның даму динамикасы экономиканың әр түрлі секторларында оң үрдістерді көрсетіп отыр. Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 22 876 млн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,2 пайызға артық. Нақты көлем индексі 96,6 пайызды құрады. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді игеруде өндіріс көлемі 19 585,7 млн теңгеге, ал өңдеу өнеркәсібінде 1 864,3 млн теңгеге жетті.
Агроөнеркәсіптік кешенде жалпы өнімнің көлемі 7 720,8 млн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,4 пайызға артық.
Алғашқы төрт айда құрылыс жұмыстарының көлемі 2 243 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінің 49,8 пайызын құрады.
Шағын және орта бизнес кең қанат жайып келеді. Бүгінгі күні ауданда 1 572 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр.
— Бородулиха ауданының экономикасы ауыл шаруашылығын дамытуға негізделген. Биылғы көктемгі дала жұмыстары туралы айтып өтсеңіз. Бұл салада қандай өзгерістер бар? «Ауыл аманаты» бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда?
— Бородулиха ауданы шынымен де ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс істейді. Көктемгі дала жұмыстары сәуір айының ортасында басталып, жоспар бойынша жүргізілді. Биыл 328,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған.
Егін науқаны басталғанша қажетті техникаларын сайлап, тыңайтқыштар дайындап, тұқым сапасын тексеріп, жанар-жағармайын әзірлеп алған диқандар дала жұмыстарына қызу кірісіп, уақтылы аяқтап отыр.
«Ауыл аманаты» — аграрлық секторды дамытуға арналған бағдарламалардың бірі. Бүгінде ауылдық округ әкімдіктері бағдарламаны іске асырумен және оған жетекшілік етумен белсенді айналысуда. Бағдарлама аясында 64 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден 456 млн теңгеге өтінім түсті. Қаржыландырудың қысқаруына байланысты несиенің ең жоғары сомасы бір қарыз алушыға 9,25 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін азайтылды.
Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қаржылай қолдау көрсету жалғасуда.
— Ауданда кәсіпкерлік қалай дамып отыр? Әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау бар ма?
— Шағын және орта бизнесті дамыту кез келген ел экономикасының негізі болып табылады. Дамыған шағын және орта кәсіпкерліксіз мемлекеттің макроэкономикалық жағдайының тұрақтылығы туралы айту қиын. Біздің ауданда да бұған көп көңіл бөлінеді.
Шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды жалғастыра береміз. Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп тұрақты негізде онлайн-кездесулер өткізіліп, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар түсіндіріледі.
Өткен жылы 2 млрд теңгеге 20 жоба субсидияланды және 83 млн теңгеге 7 жобаға кепілдік берілді. Бұл шаралар ауданда кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді. Былтыр ауданда 1 518 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болса, биыл олардың саны 1 551-ге жетті. Яғни, аудандағы кәсіпкерлік біртіндеп өркендеп келді.
Әйелдер кәсіпкерлігіне де ерекше қолдау бар. Облыстың іскер әйелдер қауымдастығымен бірлесіп жергілікті кәсіпкерлерге арналып форумдар бірнеше рет өткізілді. Бұл форумдарда әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағдарламалары түсіндіріліп, қатысушыларға кеңестер берілді.
— Аудан халқының әлеуметтік жағдайын сөз етсек. Тұрғындарды, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту ісі қандай деңгейде?
— Тұрғындарды баспанамен қамту басқа өңірлердегі сияқты біздің ауданда да мықтап қолға алынған. Құрылыс жұмыстарының көлемі артты. Бүгінде аудандағы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға 5 санат бойынша 481 адам кезекте тұр. Олардың қатарында 44 көп балалы отбасы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 231 бала, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 117 азамат, сондай-ақ 80 мемлекеттік қызметші мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, тұрғын үйі апатты деп танылған 9 отбасы бар. Былтыр халықтың әлеуметтік осал тобы санатынан 9 отбасыға баспана берілді. Тұрғын үй мәселесін шешу баспаналар салуды жалғастыра бермекпіз.
— Жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде? Ауданда қанша жұмыссыз тіркелген?
— Бүгінде Мансап орталығында 465 азамат жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр, оның ішінде 80 адам жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алады. Жұмыссыз ретінде тіркелгендердің басым бөлігінің мамандығы жоқ. Бұл мәселені шешу үшін 20 адамды кәсіптік оқуға жіберуді жоспарлап отырмыз, оның 8-і бүгінде оқудан өтуде.
Мансап орталығына жүгінген 465 адамның 344-і жұмысқа орналастырылды, оның 101-і тұрақты жұмыс тапса, 243 адам уақытша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Сонымен қатар 5 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға жіберілді.
Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында биыл 284 адамды субсидияланатын жұмыс орындарына жолдауды, 227 азаматты тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ жастар қатарынан 20 адамға микрокредит беруді және халықтың әлеуметтік осал топтарынан 7 адамға бизнесті дамытуға грант беру жоспарланған. Қазіргі күні жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алудың бірінші легіне өтінімдер қабылданып жатыр.
— Кез келген мемлекеттің басты капиталы – дені сау халқы. Денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан істерге де тоқтала кетсеңіз… Салада маман тапшылығы бар ма?
— Бородулиха аудандық ауруханасының құрамына екі стационар, Жезкенттегі бір алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы, 9 дәрігерлік амбулатория, 13 медициналық пункт және 6 фельдшерлік-акушерлік пункт кіреді. Медициналық мекемелер құрал-жабдықтармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен 83,15 пайызға жабдықталған.
Тұрғындарға медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту үшін заманауи медициналық технологиялар енгізілуде. Аудандық ауруханада іш қуысы мен жамбас мүшелеріне аз инвазивті хирургиялық ота жасауға мүмкіндік беретін эндовидеохирургиялық кешен (Karl Storz) жұмыс істейді.
Халықтың денсаулығын жақсартудың бір жолы – материалдық-техникалық базаны нығайту. Былтыр 27 медициналық жабдық сатып алынды. Биыл 5 денсаулық сақтау нысанын нормативтік құқықтық актілерге және жарақтандыру нормаларына сәйкес келтіру жөніндегі іс-шаралар жоспарланған. Өткен жылы төрт нысанның мемлекеттік сараптамасы мен ғимараттарды күрделі жөндеудің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді. Сәуір айында аудандық аурухананың қазандығы мен жылыту жүйесін күрделі жөндеуге мемлекеттік сараптама алынды. Бұл жұмыстарға «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржы бөлініп отыр.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы аясында Успенка ауылында медициналық пункт, Ауыл станциясында фельдшерлік- акушерлік пункт және Новая Шульба ауылында дәрігерлік амбулатория салуға, аудандық аурухана үшін дизельді электр станциясын сатып алуға және жүк жеделсатысын жөндеуге қаражат бөлінді. Биыл сонымен қатар медициналық жабдықтар сатып алу жоспарланып отыр.
Саладағы маман тапшылығы – маңызды мәселелердің бірі. Қазіргі күні аудандық ауруханаға жалпытәжірибелік дәрігерлер, офтальмолог, онколог, невропатолог және анестезиолог-реаниматолог мамандар қажет. Кадр мәселесін шешу үшін enbek.kz сайтына хабарландырулар беріліп отырады.
— «Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында осы жылға жоспарланған іс-шараларға тоқталсаңыз…
— Ауылдық елді мекендерді кешенді дамытуға, өмір сүру сапасын жақсартуға және ауыл тұрғындары үшін қолайлы орта құруға бағытталған «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Зенковка, Белағаш, Камышенка ауылдарында көше жарығын орнату, Камышенка ауылының Мир көшесі мен Новая Шульба ауылының көшелерін орташа жөндеу жоспарланған. Камышенка ауылында футбол алаңын салу, Жерновка ауылында кешенді футбол алаңы мен хоккей кортының құрылысын жүргізу, Новая Шульба ауылының футбол алаңын абаттандыру, Ивановка ауылында воркаут алаңын салу, Новая Шульба ауылында жылу желілерін тарту, блок-модульді қазандық салу жоспарланып отыр.
— Тұрғындардың өмір сүру деңгейіне жол сапасы тікелей әсер ететіні белгілі. Биыл жолдарды жөндеу жоспарланған ба?
— Биыл жолдарды жөндеуге қатысты бірнеше жоба іске асырылмақ. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан ұзындығы 15 шақырым болатын Воскресеновка-Петропавловка-Шелехово-Белағаш-Дмитриевка бағытындағы облыстық маңызы бар 23-38 шақырым аралығындағы жол учаскесін орташа жөндеуге сметалық құжаттама жасалды. Жөндеу жұмыстары кезінде цемент, құм-қиыршық тас қоспасын және топырақ тұрақтандырғышын қосу әдісімен қолданыстағы жол жабыны қайта өңделетін болады. Бұл технологияны қолдану күрделі жөндеуге балама болып табылады. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер аяқталды, мердігер ұйым «Семей Жолдары» ЖШС болып белгіленді.
Өткен жылы орман өртіне байланысты Бородулиха ауылдық округінің тұрғындарынан Бородулиха-Успенка-Жерновка жолының қанағаттанарлықсыз жағдайы туралы көптеген өтініштер келіп түсті. Қаза тапқан орманшылардың отбасыларымен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені шешуге уәде берді. Президентіміз бен Абай облысы әкімінің қолдауының арқасында жолдарды жөндеуге қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстары «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Жолдың ұзындығы 13,5 шақырым, екі жолақты болады, бұл жолдың жағдайын ғана емес, оның өткізу қабілеті мен қауіпсіздігін де арттырады.
Биыл сондай-ақ Жезкент кентіне кіреберіс 3 шақырым жолды, Новая Шульба ауылының көшелерін, Камышенка ауылының бір көшесін орташа жөндеу жоспарлануда.
Бұған қоса аудандық бюджет есебінен Белағаш және Новопокровка ауылдарындағы ұзындығы 7,5 шақырым болатын көшелерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
— Халықтың таза ауыз сумен қамтамасыз етілу деңгейі қандай?
— Бородулиха ауданында халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 96,9 пайызға жетті. Былтыр Березовка подхозында сумен жабдықтау желілері салынды, Новая Шульба ауылында сумен жабдықтау желілері жаңғыртылып, Петропавловка ауылында сумен жабдықтаудың магистральдық желілері төселді. Березовка подхозында сумен жабдықтау желілерінің құрылысы 2022 жылдың мамыр айында басталған, бұл жоба үстіміздегі жылға ауыстырылды. Сондай-ақ Андроновка және Новопокровка ауылдарында сумен жабдықтау желілерін жаңғырту бойынша құжат әзірленуде.
— Туризм саласының даму деңгейі қандай?
— Туризмді дамыту арқылы ауданымыздың экономикалық жағдайын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болатыны белгілі. Ауданымызда бұл саланы дамытуға мүмкіндік жеткілікті. Бородулиха ауданының тамаша табиғаты, ормандары мен көлдері туралы облыс тұрғындарына белгілі. Табиғатты тамашалап, көлдерімізден балық аулып, тынығып қайтуға келетін туристер аз емес.
Бүгінгі күні ауданда үш туристік нысан жұмыс істейді. Шүлбі су қоймасының жағалауында, аудан орталығынан 65 шақырым қашықтықта «Жанай» және «Нұрсұлтан» демалыс базалары орналасқан. Сондай-ақ аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан Жерновка көлдерінің жағалауындағы жеке кәсіпкер Аубакировке тиесілі Новошульба орман шаруашылығының демалыс базасы бар.
Соңғы уақытта ауданда балалар мен жасөспірімдер туризмі дамып келеді. Уба-Форпост ауылында жазғы кезеңде «Солнечный» жазғы сауықтыру лагерінің жұмысы жанданады. Жыл сайын аудан мектептерінде үш күндік туристік жорықтардың маршруттары әзірленіп, Уба-Форпост ауылындағы туристік станция базасында үш күндік Жас туристер слеті өткізіледі.
Былтыр Михайловка көлі жанындағы «Кристалл» балалар сауықтыру лагерінің аумағында монша кешенінің құрылысы басталды. Ауданда жол бойында қызмет көрсетудің ұлттық стандартының «D» санатына сәйкес келетін «Едем Кафе – қонақ үйі» нысаны да бар.
Мұның бәрі ауданымызда туризмді дамытуға жақсы алғы шарттар жасайды, жергілікті тұрғындарды да, басқа аймақтардан келген қонақтарды да қызықтырады деп есептеймін.
— Бородулиха ауданында қарағайлы орман орналасқан. Өткен жылғы алапат өрттен кейін орманды қалпына келтіру, өрт қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін қандай шаралар жүргізілуде?
— Қазіргі уақытта өрт болған аумақта зақымдалған ағаштарды кесу жұмыстары жүргізілуде. Бұл орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қажет. Былтыр «Семей орманы» табиғи резерватының Бородулихадағы филиалына жаңа өрт сөндіру жабдығы берілді. Филиалдың арсеналында КамАЗ, кіші УАЗ, орман өртін сөндіру кешені және 21 радиостанция, жаңа өрт сөндіру техникасы бар. Өрт сөндірушілерге топырақ өңдеу жабдықтары мен арнайы киімдер де берілді.
Жыл сайын өрт қауіпті кезеңнің басталуымен филиалда өртке қарсы профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Биыл 15-16 мамырда Бородулиха филиалының аумағында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі ұйымдастырған өрттермен күресу дағдыларын жетілдіруге және түрлі қызметтердің іс-қимылдарын үйлестіруге бағытталған «ӨРТ-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Оған ТЖМ вице-министрі генерал-майор Ерлан Нұрпейісовтің басшылығымен экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев, сондай-ақ «Қазгидромет» РМК және басқа да қызметтердің өкілдері қатысты.
— Бородулиха – көп ұлтты аудан. Осы ретте тіл мәселесі қалай шешім тауып отыр?
— Ауданда мемлекеттік және басқа да тілдерді үйренемін деген барлық азаматтарға қолдау көрсетіледі. Тілдерді меңгеру деңгейін жақсарту мақсатында Новая Шульба, Новопокровка, Новодворовка ауылдық округтерінде және Жезкент кентінде филиалдары бар Тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейді.
Орталықта 10 қазақ тілінің оқытушысы және 2 ағылшын тілінің оқытушысы еңбек етеді. істейді. Оқу кабинеттері заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Биылғы оқу жылында 335 азамат мемлекеттік тілді, 40 адам ағылшын тілін үйренді.
Мәдени-бұқаралық, спорттық және басқа да қоғамдық іс-шараларды өткізу кезінде мемлекеттік тіл кеңінен қолданылады. Жұмыс мәдениет мекемелерімен және Достық үйімен тығыз ынтымақтастықта жүргізілуде. Қазақ жазушылары мен ақындарының шығармашылығына арналған көрмелер, дөңгелек үстелдер, басқа да іс-шаралар жиі ұйымдастырылады.
Тілдік алуантүрлілікті сақтау мақсатында ауданда тұрып жатқан этнос өкілдеріне өз ана тілдерін білуі үшін жағдай жасалып, жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ауданда 3 этностың ана тілі оқытылады. Оқыту Достық үйінің этномәдени бірлестіктерінің ұйымдастыруымен үйірме түрінде жүргізіледі. Мемлекеттік және басқа да тілдерді оқыту жұмыстары жалғасын таба бермек.
— Тәуелсіздік алғалы елімізде идеологиялық тұрғыда ескірген жер-су, көше атаулары өзіміздің қазақи, тарихи дәстүрімізге сәйкестендіріліп, ауыстырылуда. Аудандағы ономастикалық жұмыстарға тоқталсаңыз…
— Ономастикалық жұмысты жандандыру үлкен маңызға ие. 2022-2023 жылдар аралығында аудан бойынша 12 көше атауы өзгертілді. Бородулиха ауылындағы Колхозная көшесіне Қажымұқан есімі берілді, КСХТ көшесі Дінмұхамед Қонаев, Короткая көшесі Иван Косенков, СТО көшесі Алтай, Октябрьская көшесі Александр Копорин, Пионерская көшесі Песчаная болып өзгертілді.
Жезкент кентінде 60 лет КазССР көшесі Дінмұхамед Қонаев, Комсомольская көшесі Аскен Райымханов, Октябрь даңғылы Абай, Успенка ауылында Отдельная көшесі Тәуелсіздік, Дмитриевка ауылында Киров көшесі Жібек жолы, Ленин көшесі Абай көшесі болып өзгертілді.
Бүгінгі таңда аудандағы идеологиялық тұрғыдан ескірген және мағынасы жоқ тағы 48 көше атауын ауыстыру қажет. Бұл атауларды өзгерту бойынша 2024-2027 жылдар аралығында атқарылатын жұмыс жоспары дайындалып, бекітілді.
— Болашақ жоспарларыңыз жайлы да қысқаша айта кетсеңіз…
— Биыл Бородулиха ауданының инфрақұрылымын жақсартуға және дамытуға бағытталған маңызды жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Басым бағыттардың бірі — спорттық инфрақұрылымды дамыту. Новая Шульба ауылындағы балаларды қолдау орталығының аумағында жабық хоккей кортын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленетін болады. Сондай-ақ Бородулиха ауылындағы Школьная көшесін абаттандыру үшін және Петропавловка ауылында шағын футбол алаңын салу үшін жобалық-сметалық құжат дайындалады. Ал Дмитриевка ауылында балалар мен спорт алаңын орнату үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеу жоспарлануда.
Әсіресе ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлінбек. Төрт елді мекенде мал сою алаңдарын және Бородулиха ауылында мал сою пунктін салу үшін жобалық құжат дайындауды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, ауданның жеті ауылында биотермиялық шұңқырлар салу үшін жобалар әзірленетін болады.
Жоспарлау мен абаттандыруды жақсарту үшін бас жоспарды жоспарлау мен дамытудың жеңілдетілген сызбасын жасаймыз. Бородулиха ауылында орман өрті кезінде қаза тапқан жерлестерге ескерткіш қою ойда бар. Жезкент кентінде аулаішілік аумақтар мен аулааралық өткелдерге ағымдағы жөндеу жүргіземіз, сондай-ақ Бородулиха ауылындағы жарықтандыру желісін жаңартамыз.
Сумен жабдықтау және жол инфрақұрылымы бағытында Жарбұлақ ауылының автомобиль жолдарында және Ключики – Уба – Форпост жолында су өткізу құрылыстарын қайта жаңарту көзделген.
Сонымен қатар тиісті жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, Новая Шульба, Успенка ауылдары мен Ауыл станциясында инженерлік инфрақұрылымды дамытатын боламыз. Ауданда көлік қозғалысын бақылап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камералары орнатылады.Биыл аудандық бюджет есебінен 48 бейнекамера орнатуға қаражат бөлінеді, оның 15-і — айналмалы PTZ – камералар, 33-і — тіркелген FIX – камералар.
Бейнебақылау камералары адамдар көп жиналатын орындарға ерекше назар аударылып, Бородулиха ауылдық округінің барлық аумағында орналастырылатын болады. Бұл қылмыс пен құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге, қылмыстарды ашудың тиімділігін арттыруға, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға көп септігін тигізері анық.
Бейнебақылау камераларын Жезкент кентінде де орнату жоспарлануда.
Ауданның жан-жақты дамуына, тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға және жайлылық деңгейін арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз. Негізгі міндетіміз — ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жақсарту.
— Сұхбатыңызға рақмет!
— Сұхбаттасқан
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ