30 қыркүйек күні Бородулиха ауданының 95 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Бұл оқиға әрқайсымыз үшін нағыз мерекеге айналды. Себебі, Бородулиха ауданы – біздің тұрғылықты мекеніміз ғана емес, тұрғындардың берік рухани байланысының өзегі.
Сондықтан, мұндағы жұртшылықтың бойында әрқашан өңірге деген патриоттық сезім мен мақтаныштың сақталары анық.
Мерейтой аудандық Мәдениет үйіндегі аудан тарихынан сыр шертетін көрмеден басталды. Аудан әкімі Айдар Ибраев таңертең сағат 9.00-ден бастап, әр өңірден келген құрметті қонақтар мен жергілікті тұрғындарды ыстық ықыласпен қарсы алып, «Берекелі Бородулиха» көрмесімен таныстырды.
Көрмеге ауданның негізі қаланған күннен бүгінгі күнге дейінгі тарихын баяндайтын фотосуреттер, құжаттар мен жәдігерлердің бірегей жинағы қойылды. Қонақтар Бородулиха ауданының мұрағатындағы газеттер арқылы өлкенің негізгі даму кезеңдерімен танысты.
Ауданда өлкетану саласына қатысты мәліметтерді сақтауға, толықтыруға ерекше көңіл бөлінген. Осыған дейін өңірде 5 Социалистік Еңбек Ері болса, бүгінде тағы 8 батырдың өмірі мен ерен еңбегі туралы деректер жинақталды. 11 Кеңес Одағының Батырлары мен майдангерлері өңірдің ғана емес, еліміздің тарихында өшпес із қалдырды.
Бородулиха ауданы талантты, шығармашыл тұлғаларымен, еңбекқор және өз ісіне адал тұрғындарымен мақтана алады. Ауданнан еліміздің мақтанышына айналған ғалымдар, жазушылар, музыканттар, спортшылар түлеп ұшты. Көрмеде олардың есімі мақтанышпен аталды.
Сондай-ақ көрмеге ұсынылған жергілікті суретшілер мен қолөнер шеберлерінің туындылары да көпшіліктің назарын аудармай қоймады.
Сондай шеберлердің бірі — Коростели ауылының тумасы Юрий Горяев. Мектепте бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Юрий Платонович — облыстың көркем мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан жан. Екатерина Ковальчук, Анар Омарова және Елена Джураның жұмыстары да көрермен назарына ұсынылды.
Еңбектің әр түрлі салаларында, соның ішінде егін, мал шаруашылығында, құрылыста еңбек етіп жүрген азаматтардың есімдері ерекше құрметпен аталады. Көрмеге аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген еңбекқор азаматтар, табысты өнім өндірушілер — «Е. Зайтенов» шаруа қожалығының, «Белағаш ұн комбинатының», «Лазарев и К» ЖШС-нің және «ТӨРЕ» АЖ өнімдері қойылды.
Осылайша, Бородулиха ауданының 95 жылдығына арналған бұл іс-шара аудан тарихына бедерленіп қалды. Келген қонақтар Бородулиха ауданының өткенімен, талантты тұлғаларымен, еңбекқор және талантты азаматтарымен танысып, керемет әсер алды.
Ауданның мерейтойы Жаңашүлбі ауылындағы ипподромда жалғасты. Келген қонақтар үшін арнайы киіз үй тігіліп, жәрмеңке, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Тұрғындарға ыстық ас ұсынылды. Ұлттық спортты дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған бәйге, қазақ күресі мен гір спортынан біріншіліктер өтті. Алыс-жақыннан келіп тұлпар қосқан атбегілер 5 қашықтық бойынша бақтарын сынады.
Мерекелік шарада аудан әкімі Айдар Ибраев жылы лебізін білдіріп, құттықтау тілегін жеткізді.
— Бүгін салтанатты іс-шаралардан бөлек, Жаңашүлбі ауылының төсінде дүбірлі той өтіп жатыр. Бәйге десе, делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Кез келген елдің ұлылығын мәдениеті мен салт-дәстүрі танытса, соның ішінде ұлттық спорт ойындарының орны ерекше. Әсіресе, айбарланып атқа қонып, елдің шебін қорғаған қазақ үшін жылқы ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнердің тұтас бір ажырамас бөлігіне айналып кеткен. Қазақ ұғымында жылқы тектіліктің бірден-бір нышаны болып саналады. Жауырыны жерге тимеген батыр бабалардың ұрпақтары бүгінгі дүбірлі тойда өз бақтарын сынамақ. Ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан дәстүрімізге қолдау білдіріп жатқан жерлестер мен ат бәйгесін ұйымдастырушы азаматтарға алғыс айтамын. Сонымен бірге шақыруымызды қабыл алып, өзге облыстар мен аудандардан арнайы келген қонақтарға ризашылығымды білдіремін. Ендеше, жүйріктерге, балуандарға сәттілік тілеймін, — деді Айдар Ибраев.
Ұлттық спортты ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған аламан бәйге, құнан бәйге, топ бәйге, ұшқыр бәйге, жорға жарыс, қазақ күресінен және гір спортынан абсолюттік біріншіліктер ұйымдастырылып, бәйге жеңімпаздарына 5 млн 500 мың теңге болатын жүлде қоры ұсынылды.
Бәйге қорытындысы бойынша 2,4 шақырымдық ұшқыр бәйгенің 1-орынын Жаңашүлбі ауылының тұрғыны Александр Карповтың Мейк атты тұлпары иеленсе, Абай ауданынан қатысқан сәйгүлік Яросин 7,3 шақырымдық жорға жарыстың жеңімпазы атанды.
4 шақырымдық жорға жарыста бірінші орынды Абай ауданының Ақжуан атты жорғасы жеңіп алса, 22 шақырымдық аламан бәйгеде Тарбағатай ауданының Шырақ атты тұлпарына тең келер жануар болмады. 16 шақырымдық топ бәйгеде Күршім ауданынан келген Жебе атты тұлпар жебедей атылып, мәреге оқ бойы озып келді.
Бәйгенің басты сыйлығы — автокөлік лотерея тәртібімен барлық жеңімпаздар арасында ойнатылып, Яросин атты тұлпарды додаға қосқан Абай ауданының атбегісі Қымбат Аяпбергеновке бұйырды. Жүлделі орын алған барлық шабандоздар ақшалай және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Бұл күні боз кілемде белдескен балуандар да дүбірлі тойдың көрігін қыздырды. Қазақ күресінен турнир өтіп, оған спортшылар мен республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары қатысты.
Ұлттық спортты тамаша меңгерген саңлақтар — 90 келі салмақта Бородулиха ауданының апай төс, құрыш білек балуаны С. Ақылбеков абсолютті чемпиондықты иеленсе, 90 келіден жоғары салмақ бойынша Семей қаласынан келген спортшы Д. Құралинов қарсыластарынан басым түсті.
Турнирдің финалында дзюдодан халықаралық әлем кубогының жеңімпазы, спорт шебері Ерасыл Қажыбаев пен «Қазақстан Барысының» жеңімпазы Дәурен Нұралинов бақ сынады. Бұл белдесуде Дәурен Нұралинов бас жүлдені иеленді.
Ал гір көтеру сайысында ерлер арасында В. Баканов білекті балуан екенін дәлелдесе, әйелдер арасында М. Ксенофонтова чемпион атанды.
Бородулиха ауданының 95 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шара аудандық Мәдениет үйінде «Берекелі Бородулиха» атты салтанатты кешке ұласты. Кеш шымылдығын облыстық Әміре Қашаубаев атындағы филармонияның «Бибігүл» қазақ халық аспаптар оркестрі мен «Тұмар» би ансамблі және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мапруза Утуленова ашты.
Алғашқы құттықтау сөз Бородулиха ауданының әкімі Айдар Маратұлы Ибраевқа берілді. Ол 1928 жылы іргетасы қаланған Бородулиха ауданы -бүгінде Абай облысындағы жері құнарлы, елі берекелі, іргелі аудандардың бірі екенін айтты.
— Ауданымыз білікті басшылар мен еңбексүйгіш халықтың талпынысы арқасында талай тарихи кезеңді артқа тастады. Бородулиха жерінен көптеген әйгілі азаматтар, мәселен, спорт, өнер мен ғылым, мәдениет салаларында республиканың ғана емес, Кеңес үкіметі кезінде Одаққа танымал тұлғалар шыққаны белгілі. Шөбі шүйгін, жері бай өлкеміз әрқашан өзінің жоғары өнімділігімен танымал. Ауданда ауыл шаруашылығы, егіншілік салалары дамыды.
Өңірде ауыл шаруашылығынан бөлек, кен өндіру ісі де жолға қойылған. Қазіргітаңда 3 мыңнан астам жерлесіміз кен өндіру ісінде еңбек етуде. Алдағы уақытта еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ауданымыз көркейе берсін, ардақты ағайын! Шақыртуды қабыл алып, алыс-жақыннан келген қонақтарға алғыс айта отырып, ортақ мереке құтты болсын дегім келеді!- деді аудан әкімі.
Келесі құттықтау сөз облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариковке берілді. Ол жергілікті тұрғындар мен қонақтарын ауданның 95 жылдық мерейтоймен құттықтады.
Бұдан кейін аудан әкімі Айдар Ибраев салтанатты кештің қадірлі қонақтары — көп жылдар бойы өңірдің көркеюі жолында еңбек етіп, ауданның дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды мерейтойлық медальдармен марапаттады.
Олардың қатарында алғаш еліміз тәуелсіздік алған жылдары ауданға басшылық еткен, 20 жылдан астам уақыт аудан әкімі ретінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берген іскер басшы, аудандық мәслихаттың депутаты болған сыйлы азамат, Бородулиха ауданының Құрметті азаматы Болат Сапоров, қазақтың жезтаңдай әншісі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, жерлесіміз Болат Күнтуұлы Сыбановтың жары Үміт Сыбанова, «Е. Зайтенов» шаруа қожалығының, ауыл шаруашылығын дамыту ісіне арнаған еңбекқор азамат, Бородулиха ауданының Құрметті азаматы Ерлан Зайтенов, «Ассорти» шаруа қожалығының басшысы Виктор Шевченко, «Алға» шаруа қожалығының басшысы, ауылының ғана емес, округтің, ауданның өміріне белсене араласатын қайырымды азамат Мансұр Бергенев, «Лада» шаруа қожалығының басшысы, ауданның құрметті азаматы Анатолий Романов, мемлекеттік қызмет ардагері, ауданның құрметті азаматы Бектен Белгожаев, «Алекс» шаруа қожалығының басшысы, ауданның құрметті азаматы Александр Подкорытов, Бородулиха ауданында 2008-2015 жылдары аудан әкімінің орынбасары, 2022-2023 жылдары аудан әкімі болған Ахметқали Нұрғожин және өңірдің дамуына ерекше үлес қосқан өзге де азаматтар бар.
Марапаттаудан соң мерейтой қонақтары мен аудан тұрғындары мерекелік концертті тамашалады. Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мапруза Утуленова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач, мәдениет саласының үздіктері Қадылбек, Маржан Омаровтар өнер көрсетті. Мереке әсем әнмен, тәтті күймен әрленді. Аудандық Мәдениет үйінің әртістері есте қалар ерекше қойылымдар ұсынса, «Айналайын» және «Гранж» би топтары кешті керемет хореографиялық туындылармен өрнектеді.
Салтанатты іс-шарада аймағымыздағы өзге аудандардан келген құрметті қонақтар да сөз алып, жүрекжарды тілектерін жеткізіп, естелік сыйлықтарды тарту етті.
Өткенді білмей, келешекті болжау мүмкін емес. Аудан халқының бірлігі мен берекесін айшықтаған айтулы шара, осылайша, өз мәресіне жетті. Ұлттық құндылық ұлықталған мерейтой аудан тарихында алтын әріптермен жазылары анық.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп бекер айтылмаған ғой. Бұл ауқымды іс-шараны жоғары деңгейде өткізу, бір жағынан, аудан басшылығының ұйымдастырушылық қабілетінің, екінші жағынан, аудан халқының берекесі мен бірлігінің, өңірдің абыройының артуына үлес қосып, тамырлы тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған меценаттар мен белсенділердің арқасы екендігі сөзсіз.
Серік Тлекұлы