Өткен аптада аудандық әкімдіктің кіші залында Бородулиха ауданы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Айдар Ибраев, аудан әкімінің орынбасары Нұркен Қазембеков, сондай-ақ мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері мен БАҚ қатысты.
Күн тәртібінде маңызды мәселелер қаралды. Алдымен аудан әкімі Айдар Ибраев Бородулиха ауданының 2025 жылдың сегіз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Қоғамдық кеңес мүшелері ақпаратты тыңдап, оны бірауыздан қабылдады.
Кеңес төрайымы Сауле Урашева 9 айдағы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, санитарлық жағдай мен елді мекендерді абаттандыру, қысқы маусымға дайындық, аудан жолдарының жай-күйі талқыланды. Бұл мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасары Нұркен Қазембеков пен аппарат басшысының м.а. Вадим Примак сөз сөйледі.
Жиын барысында аудандық аурухананың бас дәрігері Марат Косамбаев медициналық қызмет пен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайын түсіндірді. Білім бөлімі маманы Берік Нұрман балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру нәтижелерін ортаға салды. Ал «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының аудандық филиал басшысы Артем Калугин орман экологиясын сақтау бағытындағы шаралар туралы баяндады.
Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар нормативтік-құқықтық актілер жобаларын қарап, қолдау білдірді. Оның ішінде тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау тарифтері, коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасы және басқа да құжаттар бар.
Отырыстың қорытындысында барлық қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, ақпараттар назарға алынды.
Жиын соңында Қоғамдық кеңес төрайымы Сауле Урашева барлық қатысушыларға белсенділік танытқаны үшін алғыс білдірді.
Қоғамдық кеңес – халықтың үнін билікке жеткізетін, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуде маңызды рөл атқаратын ашық диалог алаңы. Оның жұмысы алдағы уақытта да ел игілігі үшін жалғасын таппақ.
Ш.ДОСКЕЕВА,
«Жаңа уақыт»