Бородулиха ауданында Қарттар күні мен Республика күніне орай ардагерлерге арналған кең көлемді спорттық шара өткізіліп, бұл күн шын мәнінде қуаныш пен сергектікке толы үлкен мерекеге айналды. Дәстүрге айналған бұл бастама ардагерлердің белсенді өмір салтын қолдап, спорт арқылы қоғамдағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Шара 30 қазан күні дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтіп, ауданның барлық ауылдық округтерінен спортсүйер ардагерлер қатысты.
Спорттық іс-шара аудан әкімі Айдар Ибраевтың тапсырмасы бойынша ұйымдастырылды. Шараның басты ұраны – «Спорт – экстремизм мен терроризмге қарсы!». Ардагерлерді спортқа жүйелі түрде тарту, олардың бос уақытын мазмұнды өткізу және қоғамдағы белсенділігін арттыру – жарыстың негізгі міндеттері ретінде белгіленді.
Мерекелік күн музыкалық композициямен басталып, ашылу салтанаты ресми түрде өтті. Жиналғандарды құттықтаған жүргізуші ардагерлерді ауданның спорттық өміріне белсенді араласуға шақырып, салауатты өмір салтының маңызын атап өтті.
– «Әр адам үшін денсаулық – ең қымбат байлық. Бүгінгі шараның мақсаты – сіздердің белсенді өмірге деген құлшыныстарыңызды арттыру, спорт арқылы көңіл көтеру және бір-біріңізге демеу болу, – деген жылы лебіздер айтылды.
Шара барысында аудандық мәслихат хатшысы Сауле Урашева мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмағали Рахимов құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шара Бородулиха аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық ардагерлер кеңесінің қолдауымен өтті. Ұйымдастыру комитеті спорттық мерекеге қолдау көрсеткен демеушілер – «Валентина» қожалығының басшысы Николай Диканский, «Агроимпульс» қожалығының басшысы Александр Бекетов, «Надежда» қожалығының басшысы Алихан Рахимов және ұйымдастыру жұмыстарына белсенді атсалысқан Бородулиха балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің әкімшілігіне ерекше алғыс білдірді.
Ардагерлер бірнеше спорт түрі бойынша сынға түсті: +60 жастағы ардагерлер арасында мини-футбол матчы, 25 метрге еркін стильде жүзу жарысы, үстел теннисі, тоғызқұмалақ.
Жарыстар өте жоғары көңіл-күйде, достық және спорттық тартыс рухында өтті.
Ең қызу тартыстардың бірі – мини-футбол матчы болды. «Белағаш ФК» командасы мен аудан құрамасы арасындағы ойында көрермендер залдың екі қапталынан қошемет білдіріп, нағыз стадион атмосферасын қалыптастырды.
Тоғызқұмалақ үстелінің маңында стратегиялық ой мен шеберлік байқалса, жүзу жарысы да жоғары қызығушылық тудырды.
Жарыс қорытындысында үздік спортшылар медальдар, грамоталар және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Арнайы номинациялар иегерлері — «Ең нәтижелі спортшы» – Болат Шалғымбаев
(Зенковка); «Көрермен көзайымы» – Қуантай Отызбаев (Переменовка); «Жеңіске деген жігері үшін» – Иван Болков (Жезкент) «Мен үшін жас кедергі емес!» – Серікқали Нұрғазинов (Коростели).
Мини-футбол нәтижесі – 1 орын – Зенковка — 1 ардагерлер командасы; 2 орын – Зенковка 2-тобы; 3 орын – Бородулиха ауданы құрама командасы.
Үстел теннисінен 1 орын – Секен Сайбаев (Переменовка); 2 орын – Оразбек Қабдоллаев (Камышенка); 3 орын –Анатолий Ивклярук (Михайловка) иеленді.
Әйелдер арасында 1 орын – Валентина Потапченко (Жезкент); 2 орын – Ляйля Омарова (Белағаш); 3 орын – Галина Акимова (Бородулиха) ие болды.
Жүзу жарысынан 1 орын – Николай Балдаков (Жезкент); 2 орын – Болатхан Кокшебаев (Белағаш); 3 орын – Секен Сайбаев (Переменовка) иеленді.
Тоғызқұмалақ – 1 орын – Оразбек Кабдоллаев (Камышенка); 2 орын – Сакен Кошалаков (Бородулиха); 3 орын – Валентина Потапченко (Жезкент).
Фестиваль соңында ұйымдастырушылар барлық ардагерлерге белсенділігі үшін алғыстарын білдірді. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғаса беретінін айтты.
Спорттық мереке жоғары деңгейде өтіп, ардагерлерге қуаныш сыйлады және салауатты өмір салтын нығайтуды мақсат еткен кезекті маңызды шара ретінде есте қалды.
Бұл күн ардагерлер үшін тек жарыс емес, бірлік пен қуанышқа толы үлкен мереке болды. Ал ардагерлердің спортқа деген қызығушылығы – жас ұрпақ үшін үлгі, ал олардың белсенділігі – қоғамның дамуына қосылған үлес.
Шайза АСАНҚЫЗЫ

