Бородулиха ауданына жұмыс сапарымен Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр келіп, бірқатар нысандарды аралады.
Әуелі Подборное ауылдық округіне қарасты Камышенка ауылындағы жергілікті клубтың құрылысымен танысты. Нысанның тапсырыс берушісі – Абай облысының құрылыс басқармасы, бас мердігер – «АЛАУ» ЖШС. Жұмыстар 2024 жылдың мамыр айында басталып, биылғы жылдың қарашасында аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар елді мекенде әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлер де салынып жатыр. Жоба құрылысы қараша айында пайдалануға берілмек.
Бұдан кейін Дмитриевка ауылындағы «Восток Лес Индустрия» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Кәсіпорын жылына 12 мың текше метрге дейін ағаш материалдарын өңдейді. Өнімге ішкі нарықта сұраныс бар. 2024 жылы өндіріс көлемі 11,8 мың м³ құрап, жалпы 93 млн теңгенің өнімі шығарылған. Бюджетке 2 млн теңге салық төленді.
Жұмыс сапары барысында Ербол Әбілхайырұлы Бородулиха ауылындағы үлкен көлді барып көрді. Бұл жерде тұрғындар мен қонақтарға арналған жағажай аймағын абаттандыру және заманауи демалыс орнын салу жоспарда бар.
Новошульба ауылдық округіне қарасты Жаңа Шүлбі ауылында «Лазарев и К» ЖШС-не барып, жұмысын көрді. Мұнда жылына 11,5 мың тоннадан астам күнбағыс майы өндіріледі. Биылғы жылдың өзінде 1,3 мың тонна өнім шығарылып, негізгі экспорттық нарық ретінде Қытайға жөнелтілуде. Сондай-ақ шаруашылықта суару жүйелерін жетілдіру жобалары іске асырылып жатыр.
Сапар соңында Новошульба филиалына қарасты Жерновка орманшылығында болды. Орманшылықтың жалпы аумағы – 15 мың гектар. Мұнда 39 адам жұмыс істейді. Негізгі бағыттары – орманды өрттен қорғау, заңсыз ағаш кесуге жол бермеу, жыл сайын орман дақылдарын отырғызу және табиғи ортаны жақсартуға үлес қосу.
Бородулиха әкімінің баспасөз қызметі