Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бородулиха ауданының әкімі А.М. Ибраев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелерін баяндады.
Аудан әкімі атап өткендей, өнеркәсіп өнімінің көлемі 61 млрд теңгеден асып, өткен жылмен салыстырғанда үштен бір бөлікке жоғарылады. Өңдеу өнеркәсібінде 30 пайыздан астам өсім тіркелді.
Ауыл шаруашылығында да оң нәтиже бар. Егіс алқабы 370 мың гектардан асып, астықтың жартысына жуығы жиналды. Орташа өнімділік – гектарына 10 центнер.
Мал шаруашылығы тұрақты өсім көрсетіп отыр: жыл басынан бері 2 мың тоннадан астам ет, 11 мың тонна сүт және 5 млн-ға жуық жұмыртқа өндірілген.
Соңғы жылдары Бородулиха ауданында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құрылыс саласында биыл 1 390 м² тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 240 м²-ге артық. Петропавловка ауылында спорттық-сауықтыру орталығы, Камышенкада жаңа ауылдық клуб салынып жатыр. Переменовка мен Ремки ауылдарында су құбыры тартылуда, ал Новая Шульбада қазандық пен жылу желілері салынуда.
Бородулиха ауданында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ауылдық елді мекендердің келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.
«Семей – Ресей шекарасы» трассасының бір бөлігі ресайклинг әдісімен жөнделді. «Бородулиха – Жезкент» және басқа да аудандық маңызы бар жолдарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Алдағы жылыту маусымына дайындық та жүйелі атқарылуда. Аудандағы 32 қазандық пен 55,7 км жылу желісі толық тексерістен өтті. Халық үшін 96 мың тоннадан астам көмір қарастырылған. Барлық балабақша, мектеп және денсаулық сақтау нысандары жылыту маусымына дайын.
Сонымен қатар, қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 97 адам тұр. Осы мәселені шешу мақсатында екі пәтерлі 28 үй салу жоспарланып, оның 12-сінің құрылысы Бородулиха ауылында басталды.
Аудан басшысы мәлімдегендей, барлық бағыттағы жұмыстардың негізгі мақсаты – аудан халқының әл-ауқатын арттыру және тұрақты даму жолын қамтамасыз ету.
Ш.ДОСКЕЕВА,
«Жаңа уақыт»
