2025 жылдың 15 желтоқсанында Абай облысында қазақ тілі мен әдебиеті, тарих және құқық пәндері бойынша педагогтар арасында пәндік олимпиаданың облыстық кезеңі өтті.
Облыстық кезеңге Бородулиха ауданынан үш педагог қатысып, өз білімдері мен әдістемелік шеберліктерін сынап көрді. Олимпиадаға облыстың басқа аудандары мен қалаларынан келген педагогтар да қатысты.
Сайыс барысында қатысушылар әр пән бойынша білімдерін, сабақ беру әдістемесін, педагогикалық шеберлігін және шығармашылық тәсілдерін көрсетті. Пәндік олимпиада педагогтар арасындағы тәжірибе алмасуға, жаңа әдістемелерді үйренуге және кәсіби деңгейді арттыруға мүмкіндік берді.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша аудан педагогтары жоғары нәтижелерге қол жеткізді: 1-орын – «Тарих және құқық» пәні бойынша С.С.Бастамиев, Жезкент кентінің мектеп-лицейі; 2-орын – «Орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша А.Ж.Рескенова, Аманов атындағы орта мектеп; 2-орын – «Қазақ тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша Б.Н.Бекетай, Ә.Бөкейхан атындағы қазақ орта мектебі.
Бородулиха ауданының білім бөлімі олимпиадаға қатысқан педагогтарды құттықтап, олардың кәсіби жетістіктерін жоғары бағалады. Бұл жеңістер аудан педагогтерінің шеберлігін көрсетіп қана қоймай, білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін айқындайды.
Аудандық деңгейде де педагогтардың кәсіби дамуына ерекше мән беріліп, әдістемелік қолдау көрсетіліп келеді. Мұндай іс-шаралар мұғалімдерге өз тәжірибесін жетілдіруге, жаңа әдістемелік тәсілдерді меңгеруге және пәндік білім деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
Бородулиха ауданының білім бөлімі
