Бородулиха ауданында ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Мереке «Дастархан» мейрамханасында ұйымдастырылып, шараға ауданның фермерлері, шаруашылық жетекшілері, аграрлық сала мамандары, кәсіпкерлер мен еңбек ардагерлері қатысты.
Фойеде қонақтарды ұлттық әуен қарсы алып, жылы шырайлы атмосфера орнады. Мерекелік жиынды жүргізушілер қазақ және орыс тілдерінде ашып, ауыл еңбеккерлерінің аудан экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті.
Салтанатты жиында аудан әкімі Айдар Маратұлы Ибраев сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы саласы ауданның негізгі қозғаушы күші екенін атап өтті..
Әкім өз сөзінде:
— «Астық өсірушілердің, мал өсірушілердің, механизаторлардың және қайта өңдеу саласы мамандарының еңбегі – ауданның тұрақтылығы мен елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Сіздердің маңдай терлеріңіз бен табанды еңбектеріңізге алғыс білдіремін», – деп атап өтті.
2025 жылы ауданда атқарылған жұмыстарға тоқтала отырып, ол бірнеше маңызды көрсеткіштерді атап өтті: 162,6 мың гектар алқапта дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың орамы аяқталды; Орташа өнімділік 9,1 центнер, жалпы түсім – 148,6 мың тонна; Агроқұрылымдардың техникалық базасы едәуір жаңарды – 158 бірлік жаңа техника алынып, техниканың жаңару деңгейі 90%-дан асты; Мал шаруашылығымен айналысатын шағын шаруашылықтардың саны артып келеді.
Әкім, сондай-ақ, ауданға демеушілік пен әлеуметтік қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкерлерге ерекше алғыс білдірді. Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойында «BORODULIHA 25» қоғамдық қорының қолдауымен республика көлеміндегі Аламан бәйгеге аудан атынан автокөлік сыйға тартылғанын атап өтті.
Сонымен бірге, жуырда ашылған аудандық «Абай» мешіті мен шіркеуге қоғамдық қор есебінен екі жаңа автокөлік берілуі – ауданның бірлігі мен рухани дамуындағы маңызды оқиға ретінде бағаланды.
Аудан әкімі Айдар Маратұлы Ибраев:
— «Әрбір фермерге, агрономға, механизаторға, шағын шаруашылық иесіне, қайта өңдеу саласының мамандарына шын жүректен алғыс айтамын. Еңбектеріңіз берекелі болып, шаңырақтарыңызда амандық пен татулық орнасын», – деп қорытындылады.
Мереке барысында ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп жүрген көптеген азаматтар Республикалық, облыстық және аудандық алғыс хаттармен марапатталды. Республикалық деңгейде марапатталғандар қатарында – КХ «Достық» – Курамысов Абайхан Нурмухамедович, ТОО «Целинное» – Аубакиров Талғат Жұмаканович, КХ «Аманат» – Кудушев Айтуган, КХ «Рассвет» – Остапенко Евгений Владимирович, КХ «Луч» – Ровчак Николай Иванович, ТОО «Агроюнити» – Подкорытов Александр Александрович, КХ «Витязь» – Майер Владимир Александрович, ТОО «Лина Агро» және басқа да ірі өндіріс жетекшілері.
Сонымен қатар облыстық деңгейде марапат алған азаматтар да аталып өтті: Дмитриевский ауданынан – ТОО «Восток Лес Индустрия» басшысы Сайдулаев Гилан Умарович; Бородулихинский ауданынан – КХ «Е.Зайтенов» басшысы Зайтенов Ерлан Амирбекович; Новопокровский ауданынан – КХ «Лада» басшысы Романов Анатолий Михайлович, КХ ПТ «Людмила» басшысы Кавалеров Сергей Иванович, ТОО «Лина Агро» механизаторы Яровой Евгений Иванович; Бель-Агачский ауданынан – КХ «Дина» басшысы Сарсимбаев Рахметула.
Сонымен қатар механизаторлар, бухгалтерлер, қоймашылар, ветеринария мамандары және еңбек озаттары да марапатталды. Бұл – ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген жүздеген жандардың еңбегіне деген құрметтің белгісі.
Салтанатты жиын мерекелік концертпен жалғасты. Музыкалық нөмірлер қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шара соңында жүргізушілер аудан еңбеккерлеріне алғыс айтып, мол өнім, береке, бейбітшілік тіледі.
Мереке «AlemAgro», Qazaq-Astyq Group, Global Agri Products, JMGO Kazakhstan серіктестіктерінің қолдауымен өтті.
Шайза АСАНҚЫЗЫ,
«Жаңа уақыт»


