Бородулиха ауданы әкімінің міндетін атқарушы Талғат Мұратов жұмыс сапарымен бірнеше ауылдық округтерді аралап, әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты.
Новопокровка ауылдық округі: әлеуметтік нысандар мен өндіріс әлеуеті
Алдымен, Талғат Мұратов Новопокровка ауылдық округіне барып, отбасылық дәрігерлік амбулаторияның жұмысын тексерді. Мекеме тұрақты жұмыс істеп, тұрғындарға қажетті медициналық көмек көрсетуде. Сондай-ақ, мектептердің қазандықтары мен сыныптардағы жылу жүйесіне назар аударылды. Аудан әкімінің міндетін атқарушы мектептерде жылыту жүйесі мен референдумға дайындық мәселелерін пысықтады.
М. Әуезов атындағы орта мектепте «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен екі заманауи оқу кабинеті жабдықталған. Бұл жоба білім сапасын арттыру және балаларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Сонымен қатар, Сарноғай ауылындағы сайлау учаскесінің жағдайы тексерілді. Кітапхана ғимаратында орналасқан учаскеде жылудың болмауы мәселе туғызды. Т.Мұратов ғимаратта тиісті температуралық режимді қамтамасыз ету қажеттігін атап өтіп, мәселені тез арада шешуді тапсырды.
Өндірістік әлеуетті арттыру бағытында «Шыңғыс Тас» ЖШС кірпіш зауыты жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорын жаңа жұмыс орындарын ашып, ауданның экономикасына үлес қосуда. Сонымен қатар, «Лина Агро» ЖШС егін шаруашылығын дамытып, ауыл шаруашылығын нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді.
Дмитриевка ауылдық округі: тұрақтылық және жаңғырту міндеттері
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Дмитриевка ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік және өндірістік нысандардың жағдайымен танысты.
Алдымен, Талғат Мұратов Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің оқу үдерісін тексерді. Мектептегі білім беру жүйесінің ұйымдастырылуы жақсы деңгейде екенін атап өтіп, референдумға дайындық шараларын пысықтады. Сайлау учаскесінің дайындық деңгейі толықтай заң талаптарына сәйкес болуын қадағалады.
Ауылдық клуб ғимаратында жылыту жүйесіне қатысты мәселе анықталды. Ғимаратты электр энергиясы арқылы жылыту экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Осы мәселені шешу үшін қатты отынмен жылыту жүйесіне көшу мүмкіндігі қарастырылуда.
«ВостокЛесИндустрия» ЖШС ұжымымен кездесу барысында кәсіпорынның даму жоспары мен әлеуметтік жауапкершілігі талқыланды. Кәсіпорын өрт сөндіру пунктін ашып, ауыл қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізуде.
Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді.
Шалғай ауылдардың мәселесі – жүйелі шешім табуы тиіс
Әкім міндетін атқарушы Степной ауылдық округіне қарасты Орловка және Шелехово ауылдарында болып, референдумға дайындық аясында сайлау учаскелерінің жағдайын тексерді. Шелехово орта мектебінде әлеуметтік-экономикалық мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, ауыз су жүйесі мен ұялы байланыс жоқтығы, жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайы тұрғындарды алаңдатып отыр. Қыс мезгілінде қарлы боран мен жолдың жабылуы көлік қатынасын қиындатып, халыққа көптеген қиындықтар туғызады.
Сонымен қатар, «Қаладан – ауылға» жобасы аясында жас отбасыларды ауылға тарту мәселесі көтерілді. Бұл жоба демографиялық ахуалды жақсартуға және білім беру мекемелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бел-Ағаш ауылдық округі: Медицина мен агросектор – тұрақты даму негізі
Талғат Батырұлы Бел-Ағаш ауылдық округінде болып, медициналық пункт пен Зенковка ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. 2025 жылы жүргізілген күрделі жөндеуден кейін нысандар тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, «Дина» шаруа қожалығы мен «Зенковское» ЖШС жұмысымен танысып, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты мәселелер талқыланды.
Ауылдық округтердің тұрақты дамуы үшін мемлекет пен әлеуметтік жауапты бизнестің ынтымақтастығы маңызды. Бұл жұмыс барысында әрбір ауылдың инфрақұрылымын жаңғырту және өзекті мәселелерді шешу бағытындағы шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Бақы ауылдық округі: Инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардың жағдайы
Талғат Мұратов Ауыл станциясы мен Коростели ауылындағы білім беру және денсаулық сақтау нысандарын аралап көрді. Сонымен қатар, референдумға дайындық аясында сайлау учаскелерінің жай-күйі тексерілді.
Коростели орта мектебінде қазандық жабдығына қатысты мәселе анықталды және жылыту жүйесін жаңғырту үшін техникалық қорытынды әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ, ауылдық клуб ғимаратының күрделі жөндеуді қажет ететіндігі анықталды. Бұл ғимаратты жай ғана жөндеуден өткізу емес, оның сәулеттік келбетін сақтау қажеттігі баса айтылды. Жобалық сметалық құжаттама әзірлеу туралы шешім қабылданды.
«Коростелёвское» ЖШС директоры мен кездесіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша талқылаулар жүргізілді. Ауыл станциясы мен Коростели ауылы арасындағы жолдың жағдайы да өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіледі.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Талғат Мұратов инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту бағытында нақты шешімдер қабылдап, жұмысын жалғастыруды тапсырды. Ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды мәселелерді көтеріп, ауылдық округтердің тұрақты дамуы үшін шаралар қабылдады. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жұмыстар әрі қарай жалғасады.
Өз тілшіміз
