Жақында аудан әкімдігінің кіші залында Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраевтың төрағалығымен аудандық әкімдіктің отырысы өтті. Отырысқа аудандық мәслихаттың хатшысы С. Урашева, аудан әкімінің орынбасарлары мен округ әкімдері, дербес бөлімдердің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Әкімдік отырысының барысында өңір басшысы ауданның мекемелеріне Қарулы Күштері Қорғаныс Министрінің бірінші орынбасарының, бас штабы бастығының 2023 жылғы 11 қыркүйектегі № 109–ОҚ бұйрығымен Абай облысы Бородулиха ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөліміне және Абай облысы бойынша Қазынашылық департаменті басшысының 2023 жылғы 19 қазандағы № Ж-119 бұйрығы негізінде Бородулиха аудандық Қазынашылық басқармасының жаңадан тағайындалған басшыларды таныстырды.
Бородулиха ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөліміне Жеңісқазы Әсетқазыұлы Түйтебеков тағайындалды.
Жеңісқазы Әсетқазыұлы 1978 жылы Абай ауданы Қарауыл ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Семей қаржы-экономикалық колледжін бітірген.
2005 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған. Үйленген, 2 қызы бар. Қорғаныс саласында 2004 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін жұмыс істейді. «ҚР мінсіз қызметі үшін 10 жыл», «ҚР мінсіз қызметі үшін 15 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясына 20 жыл» сияқты мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Қазынашылық басқармасының басшысы болып Ризат Дәулетбекұлы Кумысбеков тағайындалды. Ризат Дәулетбекұлы 1988 жылы туған. 2010 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 2008 жылы бастап, Үржар аудандық қазынашылық басқармасында шарт бойынша есепші болып жұмыс істеген. 2011 жылдың қаңтар айынан 2011 жылдың мамыр айына дейін Үржар ауданы Жаңа тілек ауылында Әуезов атындағы орта мектепте бухгалтер болып жұмыс істеді. 2011 жылдың маусымынан 2011 жылдың шілдесіне дейін Жаңа тілек ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маманның міндетін атқарушы болып жұмыс істеді. 2011-2012 жылдары Жаңа тілек ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман болып жұмыс істеді. 2012 жылдың қаңтарынан 2017 жылдың маусымына дейін Үржар ауданындағы операциялық топтың бас маманы – бас қазынашысы болып жұмыс істеді. 2017 жылдан 2023 жылдың қазанына дейін Курчатов қалалық қазынашылық басқармасында басқарма басшысының орынбасары болып жұмыс атқарды.
Аудан әкімдігінің отырысында күн тәртібі бойынша аудандағы автомобиль жолдарында жол-жөндеу жұмыстарын жүргізу қорытындылары және қысқы күтіп-ұстауға дайындық туралы ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Эльдар Төлегенұлы Қонорбаев есеп берді.
Бұдан кейін ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен мамандарына және ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну туралы ауданның экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Қайрат Базарханұлы Ахметжанов сөз сөйледі.
Оның айтуынша, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен мамандарына және ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шеңберінде «Дипломмен ауылға» жобасы іске асырылуда.
2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауылдық елді мекендердің әлеуметтік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және ынталандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2008 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі — Заң) күшіне енді, Заңда ауылдық елді мекендерге тұруға және жұмыс істеуге келген әлеуметтік сала мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну көзделген.
Заңда мамандарға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға көтерме жәрдемақы мен бюджеттік кредит беру білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, ауылдық жерлерге жұмыс істеу және тұру үшін келген ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне көзделген.
2023 жылы 100 АЕК немесе 345 мың теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы 50 маманға 17 млн 250 мың теңге сомасында жоспарланған, 1 қазанға 8 млн 625 мың теңге сомасында 25 маманға берілді, оның ішінде: 17 білім беру маманына, 4 денсаулық сақтау маманына, 1 әлеуметтік қамсыздандыру маманына, 1 агроөнеркәсіптік кешен маманына, 2 мемлекеттік кенттік округ қызметшілеріне.
1500 АЕК немесе 5 млн 175 мың теңгеден аспайтын мөлшерде тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредиттер 13 маманға 67 млн 275 мың теңге сомасында бөлінді. 15 қазандағы жағдай бойынша несие 1 мәдениет маманына берілді.
«Бүгінгі таңда «Отбасы банкі» тарапынан несие беруде кейбір проблемалар бар. Банкке ақша қаражаты толық көлемде аударылды. Бұл бағытта жұмыс жүргізілуде, – деді Қайрат Ахметжанов.
Отырыста пайдаланылмайтын жер учаскелерін ауыл шаруашылығы айналымына тарту жайлы ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы Жас-Ұлан Мусин айтты.
«Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануға цифрлық мониторинг және бақылауды енгізу бойынша 2022 жылы жер қатынастары бөлімі мен «Ақпараттық-есепке алу орталығы» акционерлік қоғамы арасында «JerInSpectr» веб-порталында қолжетімділікті ашу үшін шарт жасалды. 2023 жылы «JerInSpectr» веб-порталында анықталған пайдаланылмайтын жайылымдардың ауданы 27,9 мың га құрады. Тізімге сәйкес, барлық жер пайдаланушыларына хабарламалар жіберілді. «Алмакос» шаруа қожалығына Жерновка ауылдық округінің аумағындағы жайылымдық жерді (жер учаскесін мақсатты пайдаланбау) жырту фактісін анықтау туралы акт ресімделді. Бұл факт бойынша әкімшілік айыппұл салынып, бұзушылық жойылды», – деді жер қатынастары бөлімінің басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, «Людмила» шаруа қожалығы» жай серіктестігінің, «Созрань» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің және «Труд-13» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің елді мекеннің, яғни Петропавловка ауылдық округінің жайылымдық жерлерін жырту фактілері анықталған. Материалдар облыстың жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды, осы бұзушылық фактілері бойынша әкімшілік айыппұлдар белгіленді, сондай-ақ көпжылдық шөптерді себу арқылы жер учаскелері қалпына келтірілді.
Жалпы ауданы 490,0 га жайылымдық 4 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды, оның ішінде: Таврия ауылдық округі – 50,0 га, Андреевка ауылдық округі – 117,0 га, Бақы ауылдық округі – 200,0 га, Подборный ауылдық округі – 123,7 га.
Жоғарыда аталған жер учаскелері халықтың қажеттіліктерін жайылымдық жерлермен қанағаттандыру үшін пайдаланылатын болады.
«Қазіргі уақытта жер учаскесін тексеру бойынша 18 акт ресімделді, бұл жалпы ауданы 27,9 га жайылымдық жерді құрайды, оның ішінде 3 акт жерді пайдаланушылар рұқсат етілген жүктеменің 20 пайызынан кем емес мөлшерде ауыл шаруашылығы жануарларының басын қамтамасыз етпеуімен және 15 акт мал басының болмауымен байланысты», – деді аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы.
2023 жылдың 9 айында республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген аудандық бюджет пен ағымдағы нысаналы трансферттердің атқарылуы туралы ауданның қаржы бөлімінің басшысы Юлия Сутормина баяндама жасады.
Аудан әкімі Айдар Ибраев аудан әкімдік отырысты қорытындылай келе, есеп пен ақпараттар бойынша тиісті ұсынымдар мен ескертулер жасады.
Азамат Смагулов