Бородулиха ауданында өткен кезекті әкімдік отырысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Жиында үш негізгі бағыт – «Дипломмен – ауылға» жобасының орындалуы, мемлекеттік тілдің әлеуметтік желілердегі қолданысы және жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызмет көрсетудің жай-күйі жөнінде кеңейтілген есептер тыңдалды. Бұл – ауылдық аумақтардың дамуы үшін қажет жүйелі жұмыстардың айқын көрінісі.
Аудан экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуы ең алдымен кадр тапшылығын шешуге тікелей байланысты. Соның ішінде «Дипломмен – ауылға» жобасының рөлі ерекше. Экономика және бюджет жоспарлау бөлімінің деректеріне сүйенсек, 2025 жылы бұл бағыт бойынша жұмыстар жоспарлы әрі нәтижелі жүргізілуде.
Ағымдағы жылға бөлінген 104 198,0 мың теңгенің есебінен 12 маманға тұрғын үй алуға бюджеттік несие қарастырылған. Оның 104 066,0 мың теңгесі игеріліп, ауылдық округтерге білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және агроөнеркәсіп салалары бойынша жас мамандар тартылған.
Қазіргі таңда тұрғын үй несиесін алуға кезекте тұрғандар – 17 маман. Оның ішінде:
12 – білім беру; 3 – денсаулық сақтау; 1 – агроөнеркәсіп; 1 – спорт саласының маманы.
Сонымен бірге көтерме жәрдемақы төлеуге бөлінген 19 660,0 мың теңгенің 17 300,8 мың теңгесі 44 маманға төленген. Жоба шартына сәйкес, жас мамандар кемінде үш жыл ауылдық жерде қызмет атқаруы тиіс. Биыл келісімді бұзған 2 маман бөлінген қаражатты бюджетке қайтарды.
Мамандардың ауылда тұрақтап қалуы үшін «Отбасы банк» және жауапты бөлімдер мерзімі өткен төлемдер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде биыл 3 маманмен қайта төлем кестесі бекітілді.
Бұл шаралар ауыл инфрақұрылымын дамытуға, қызмет сапасын арттыруға және жас кадрларды тұрақты түрде қолдауға бағытталған маңызды қадам екені сөзсіз.
Ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында Instagram желісінде мемлекеттік тілдің қолданылуына мониторинг жүргізді. Талдау тек ауылдық округ аппараттарының парақшаларын қамтыды.
Мемлекеттік тілді үздік қолданған округтер: Зубаир, Дмитриевка, Жезкент, Петропавловка, Андреевка, Переменовка, Бородулиха, Новопокровка.
Ал ақпараттың 50%-дан астамын тек орыс тілінде жариялаған округтер:
Новодворовка, Белағаш, Степной, Подборный, Красный Яр, Новошульба. Тілді ең аз қолданатын округтер: Жерновка, Құнарлы, Таврия, Бақы.
Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Асхат Солтанғазиннің айтуынша, бірнеше мәрте ескерту алғанына қарамастан, ақпаратты тек орыс тілінде жариялау дерегі қайталануда. Бұл – заң талаптарын орындамауға қоса, тұрғындардың мемлекеттік тілдегі ақпаратқа деген сұранысын ескермеу.
Заң бойынша барлық жазба алдымен мемлекеттік тілде жарияланып, қажет жағдайда ғана орыс тілі қосымша берілуі тиіс.
Ауылдық округтер арасында жүргізілген талдау көрсеткендей, мемлекеттік тілдің қолданылуы – әлеуметтік желілер мен іс жүргізуде барлық мемлекеттік мекемелерге ортақ талап. Мекеме басшылары өз ұйымдарымен қатар қарамағындағы мекемелерде де тіл нормаларын қатаң бақылауға алуға міндеттелді.
Ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру жұмыстарын жалғастырады, соның ішінде ресми сайттар мен әлеуметтік желідегі жарияланымдардың мемлекеттік тілде болуын тұрақты қадағалайды.
Жер қатынастары бөлімінің басшысы Жасұлан Мусин 2024 және 2025 жылдардағы қызмет көлемі туралы есеп берді.
Бородулиха ауданында жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Жер қатынастары бөлімі тұрғындарға 12 мемлекеттік қызмет түрін тегін көрсетеді, оның ішінде жер учаскелерін бөліп беру, мақсатты пайдалану түрін өзгерту, аренда келісімінің дубликатын беру сияқты маңызды қызметтер бар.
2024 жылы 325 қызмет көрсетіліп, оның 317-сі электронды форматта орындалған. 2025 жылдың 9 айында барлық 402 қызмет 100% цифрлық түрде ұсынылған. Сонымен қатар, жер телімдерін ашық бөлуді қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері 27 аукцион өткізіліп, 25 телім сатылып, бюджетке 17 903 177 теңге түскен.
2025 жылдың басынан 38 сатып алу шарты жасалып, аудан бюджетіне 40 096 482 теңге қосымша кіріс түскен. Бұл көрсеткіштер – саланың ашықтығын арттырудағы оң өзгерістердің айқын дәлелі.
Бородулиха ауданында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар өңірдің әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған. Ауылдарға жастарды тарту, мемлекеттік тілдің қолданылуын күшейту, жер қатынастары саласындағы рәсімдерді цифрландыру – бұл тек бастамасы ғана.
Аудан әкімдігі алдағы уақытта ауыл өмірінің сапасын арттыруға, тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тиімділігін және қолжетімділігін жүйелі түрде жетілдіруге барынша күш салуды тапсырды.
Ш.ДОСКЕЕВА,
«Жаңа уақыт»

