Аудан орталығы Бородулиха ауылында әр сенбі сайын тұрақты түрде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Тұрғындар азық-түлік өнімдерін делдалсыз тікелей өндірушілерден сатып алады. Мұндағы өнімдердің бағасы нарық бағасынан орта есеппен 10-15 пайыз төмен.
Өткен аптада аудан тұрғындары тарапынан сиыр етінің қымбаттауына байланысты шағымдар түскен екен. Соған орай тиісті жұмыстар жүргізіліп, Бақы, Белағаш, Андреевка және Бородулиха ауылдық округтерінің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері ет және басқа да өнімдерін жәрмеңкеге әкелді. Сиыр етінің бағасы келісіне 2700-2900 теңге аралығында саудаланды.
Сонымен бірге балық, бал, шұжық және сүт өнімдері де халыққа арзан бағада ұсынылды.
— Ара-тұра жәрмеңкеге келеміз. Қажетті азық-түлікті көңілге қонымды бағада сатып аламыз, бұл – қарапайым тұрғындарға үлкен көмек. Бүгін ет, сүт, балық, бал алдым. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын,- дейді аудан тұрғыны Б.Жұмағалиева.
Аудан әкімі Айдар Ибраев жәрмеңкеге арнайы келіп, өнімдердің бағасымен танысып шықты. Тұрғындармен тілдесіп, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жәрмеңке апта сайын ұйымдастырылатынын айтты.
— Бағаны бақылау және халықты қолжетімді бағадағы өніммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады. Жәрмеңкеге белсенді қатысатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсеткендері үшін алғысымды білдіремін,- деді Айдар Маратұлы.
Өз тілшіміз