Бородулиха ауданындағы қыс мезгіліндегі аса күрделі мәселелердің бірі ауданда арнайы техниканың жетіспеушілігі десек қателеспейміз. Бұл әсіресе қыс кезінде жолдарды тазалау, қар шығару, көктем айларында су тасқынына қарсы жұмыстар кезінде маңызды жұмыстарды жылдам атқаруға кері әсерін тигізетіні белгілі. Сондықтан да аудан әкімі Айдар Ибраев техникалық паркті жаңартуға және толықтыруға қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған болатын.
Өткен аптаның соңында Бородулиха ауданының «Коммуналдық шаруашылық» мекемесіне жалпы жүк көтергіштігі үш тонна болатын алғашқы жүк тиегіш (погрузчик) алынды. Бұл техника қар тазалау, қазандықтардағы көмірді тиеу және түсіру, сондай-ақ төтенше жағдай уақытында жедел түрде жұмыстар жүргізу үшін қолданылатын болады. Сондай-ақ, оған қоса арнайы КамАЗ тіркемесі де сатып алынды. Сонымен қатар, көмір жеткізу, қар шығару және басқа да жұмыстарға пайдалану үшін КамАЗ-дың өзін сатып алу үшін конкурстық рәсімдер жүргізу іс-шарасы аяқталуға таяу.
Бұған қоса, жақын арада саябақтар мен тротуарларда жұмыс істеуге арналған шағын трактор сатып алуға да қаражат бөліп, конкурс жарияланған болатын. Бұл әдеттегі ауыр техникаларға ыңғайсыздық тудыратын жұмыстарды істеуде тиімді техника.
Айта кетер жайт, қазіргі уақытта ауданның коммуналдық шаруашылығында үш «Беларусь» тракторы, екі грейдер және бұрандалы ротор бар. Барлық техникалар тиісті тексерулер мен әзірліктен өткізілген болатын. Алдағы қатал қысқа даяр тұр.
Айкөркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»