Балаларға қолдау көрсету орталығының жас тәрбиеленушілері үшін жақында өткен бұл күн олардың жадында ерекше әсерлі оқиға болып қалды. Себебі бүлдіршіндер Қазақстан футболының тарихында аты аңызға айналған «Елімай» командасының ойыншыларымен жүздесуге мүмкіндік алды.
Кездесу барысында балалар өздері үлгі тұтып жүрген спортшыларын жақыннан көру қуанышын ғана емес, оларды жасыл алаңға бастап шығу мәртебесін де иеленді. Мұндай сәт жас футболшылар үшін мақтанышқа толы әрі болашаққа жетелейтін үлкен шабыт сыйлады.
Достықтың белгісі ретінде «Елімай» футбол клубы тәрбиеленушілерге бүкіл командаға арналған жаңа ойын формасын табыс етті. Бұл сыйлық олардың өз күшіне сенімін нығайтып қана қоймай, болашақтағы спорттық жеңістерінің нышанына айналды.
Орталықтың жаттықтырушысы Р.Ж.Айтхожин бұл кездесу тәрбиеленушілердің өмірінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті:
– Балалар кәсіби спортшыларды көргенде, олардың бойында сенім артып, еңбек етуге деген жігер пайда болады. Мұндай тәжірибе біз үшін жаңа жеңістерге бастайтын баспалдақ болмақ, – деді ол.
Жас спортшылар үшін бұл күн балалық шақтағы ең жарқын оқиғалардың бірі болып есте қалды. Ал «Елімай» ұсынған футбол формасы олардың алдағы жетістіктерге деген сенімін нығайтып, жаңа мақсаттарға жетелейтін символ ретінде бағаланды.
А. АБДУЛИНА