Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай аудандық Мәдениет үйінде еңбек ардагерлері арасында байқау өтті. Шараны «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы ұйымдастырды.
Байқаудың мақсаты – Отан қорғаушыларға құрмет көрсету, халықтар арасындағы достық пен келісімді нығайту, сондай-ақ аға буынның шығармашылық белсенділігін қолдау.
Шараға қатысқан Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраев еңбек ардагерлеріне белсенді өмірлік ұстанымдары үшін алғыс білдірді.
-Аға ұрпақтың қан майданның алдыңғы шебіндегі ерліктерінің, тылдағы ерен еңбектерінің арқасында бүгінгі ұрпақ бейбіт өмір сүруде. ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің табандылықтары мен Отанға деген сүйіспеншілігі ешқашан ұмытылмақ емес.
Халқымыздың ұлттық бай мұрасын, өшпес өнерін ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеп, насихаттап жүрген еңбек ардагерлерінің ел мәдениетінің дамуына қосар үлестері орасан. Осы себепті, ардагерлер мен зейнеткерлердің қоғамдық белсенділігін нығайтып, оларды мәдени-бұқаралық іс-шаралармен қамту, шығармашылыққа құлшынысын арттыру маңызды,- деді Айдар Маратұлы.
Сахнада соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, жүрек тербер өлеңдер оқылды, елжандылыққа тәрбиелейтін театрландырылған көріністер көрсетілді. Әрбір қойылым көрермен жүрегінен жол тапты.
Байқау қатысушыларының өнерін «AMANAT» партиясының Бородулиха аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Ильяшева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмағали Рахимов және Бородулиха шығармашылық үйінің директоры Лаура Оразғалиева бастаған қазылар алқасы бағалады.
Іс-шараның соңында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Ай-Көркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»